Түнге қарай із-түзсіз жоғалғандар тізімінде 19 адам қалды.
Жер сілкінісі Кюсю аралының ішкі бөлігінде жергілікті уақытпен 16:27-де (Гринвич бойынша 07:27) болды. Осыған байланысты 150 мыңнан астам адамға эвакуациялау пункттеріне бару туралы нұсқау берілді. Цунами қаупі жарияланғанымен, көп ұзамай оның күші жойылды.
Гринвич уақыты бойынша сағат 19:00-дегі жағдайға сәйкес, 19 адам екі жерде із-түзсіз жоғалғандар қатарында болды: Касима қалашығындағы Aeon Mall сауда орталығында және Яцусиро қаласындағы Nippon компаниясының қағаз фабрикасында.
Кумамото префектурасының төтенше жағдайлардың салдарын жою департаментінің өкілі BBC-ге сауда орталығының қирандылары астынан төрт адамның құтқарылғанын және олардың өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтты. Алайда тағы 10 адам әлі табылған жоқ.
Оның айтуынша, қағаз фабрикасында екі адам жүрегі тоқтап қалған күйде табылған, ал тағы тоғыз адам әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Күні бойы жапондық БАҚ үйдің құлауы салдарынан бір адамның қаза тапқанын хабарлады. Сонымен қатар полиция із-түзсіз жоғалғандардың кем дегенде бір бөлігі қаза тапқан күйде табылуы мүмкін деп қауіптеніп отырғанын жазды.
Жер сілкінісінен кейін көп ұзамай Токиодағы кеңсесінде журналистер алдында сөйлеген Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити адам шығыны мен келтірілген залалдың нақты ауқымы әлі бағаланып жатқанын мәлімдеді.
– Зардап шеккендер туралы ақпарат келіп жатыр. Кейбір аудандарда электр қуаты өшіп, өрт шықты, сондай-ақ жолдар мен көпірлер зақымданып, ғимараттар құлады, – деді Санаэ Такаити.
Айта кетейік, бұған дейін Жапонияда болған жер сілкінісінен кейін цунами қаупі жарияланғанын хабарлаған еді.
Сондай-ақ Токиода аптап ыстықтан 260-тан астам адам ауруханаға түскенін жаздық.