Бұл туралы NHK телеарнасы префектура әкімшілігінің мәліметіне сүйеніп хабарлады.
Соңғы мәлімет бойынша, үйінді астынан құтқарылған 13 адамның жағдайы ауыр. Табиғи апат салдарынан 4,6 мыңға жуық ғимарат бүлінді. Олардың қатарында тұрғын үйлер, сауда орындары және өндірістік нысандар бар.
Қазір 46 мыңға жуық үй шаруашылығы мен кәсіпорын ауызсусыз отыр. 206 эвакуациялық орталыққа шамамен 8,5 мың адам орналастырылған. Жер сілкінісінің ошағына жақын орналасқан Уки және Хикава аудандарында тұрғындарға арнап жылжымалы дәретханалар мен душ кабиналары орнатылды.
Жергілікті билік өңірде аптап ыстық сақталатынын ескертті. Ауа температурасы 38 градусқа дейін көтеріліп, тұрғындарға күн өту қаупіне байланысты сақтық шараларын қатаң сақтау ұсынылды.
Жер сілкінісінен алты күн өткен соң өңірге барған Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаити эвакуацияланған тұрғындармен кездесті. Ол табиғи апаттан зардап шеккен аймаққа Өзін-өзі қорғау күштерінің тікұшағымен барып, әуеден қираған Aeon сауда орталығы мен мұржасы құлаған Nippon Paper фабрикасын көріп шықты.
Сапар қорытындысы бойынша премьер-министр жер сілкінісін «ірі табиғи апат» деп жариялау жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ оның салдарын жоюға орталық үкімет бюджетінен 20 млрд иен (шамамен 69,4 млрд теңге) бөлінетінін мәлімдеді.
Жапония Министрлер кабинетінің бас хатшысы Кихара Минору да баспасөз мәслихатында биліктің басты мақсаты келтірілген залал көлемін және эвакуация барысын жан-жақты бағалау екенін жеткізді. Оның айтуынша, зардап шеккен өңірге көрсетілетін көмек жеделдетіледі.
Жапонияда мұндай табиғи апаттар жиі болады. Ел Тынық мұхитының «Отты белдеуі» деп аталатын, әлемдегі ең белсенді сейсмикалық аймақтардың бірінде орналасқан. 2016 жылдың сәуірінде дәл осы Кумамото префектурасында болған жойқын жер сілкінісінен 277 адам көз жұмған.
Еске салайық, 28 шілдеде Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кумамото префектурасында магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі тіркелген еді. Бұған дейін табиғи апаттан қаза тапқандар саны 35 адамға жеткені хабарланған болатын.