Жапонияның орталығында магнитудасы 5,6 болатын жер сілкінісі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Жұма күні Жапонияның орталық бөлігіндегі Яманаси префектурасында және оған іргелес аудандарда алдын ала мәлімет бойынша магнитудасы 5,6 болатын күшті жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Жапонияның метеорология агенттігі хабарлады, деп жазды Кyodonews .

Фото: Кyodonews

Әзірге цунами қаупі жарияланған жоқ. Сондай-ақ Фудзи жанартауында ешқандай жанартаулық белсенділік байқалмаған.

Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 22:29-да шамамен 20 шақырым тереңдікте болды. Яманаси префектурасындағы Фудзикавагутико қаласында жер асты дүмпулерінің күші жапондық сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша 6 балға жетті.

Фото: Кyodonews

Агенттіктің түсіндіруінше, мұндай деңгейдегі жер сілкінісі кезінде адамдардың аяқта тік тұруы қиындайды, жиһаз сияқты бекітілмеген заттар құлап, терезелер зақымдануы мүмкін. Жер асты дүмпулері Токио агломерациясының бір бөлігінде де 4 балл қарқындылығымен сезілді.

Үкімет аппаратының бас хатшысы Минору Кихара баспасөз мәслихатында Хамаока атом электр стансасын қоса алғанда, елдегі АЭС-терде ешқандай қалыптан тыс жағдай тіркелмегенін мәлімдеді.

JR Central компаниясының мәліметінше, жер сілкінісінен кейін Токайдо бағытындағы жоғары жылдамдықты «Синкансэн» пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Ал JR East компаниясы Тохоку, Дзёэцу және Хокурику бағыттарындағы «Синкансэн» пойыздарының қозғалысы автоматты түрде тоқтатылғанын, алайда шамамен 15 минуттан кейін қайта жанданғанын хабарлады.

– Бұл жер жоғары қарай көтерілгендей әсер қалдырған жер сілкінісі болды, – деді Фудзикавагутико кенті әкімшілігінің өкілі.

Жергілікті дүкенде толық емес жұмыс күнімен еңбек ететін 64 жастағы әйел 2011 жылы Жапонияның солтүстік-шығысын күйреткен жойқын жер сілкінісін еске алып, сыртқа эвакуацияланған.

– Тік бағыттағы шайқалу 10 секундтан астам уақытқа созылды. Дүкендегі жеңіл тағамдар сөрелерден құлап жатты, – деді ол.

Премьер-министр Санаэ Такаити жауапты ведомстволарға оқиға туралы ақпаратты жедел жинап, халыққа уақытылы жеткізуді тапсырды.

Жер сілкінісі келесі айда биіктігі 3 776 метр болатын Фудзи тауына шығу маусымы ашылар алдында болды.

Мамандардың айтуынша, жер сілкінген аймақ бірнеше тектоникалық плитаның, соның ішінде Филиппин теңізі плитасының түйіскен жеріне жақын орналасқан.

– Магнитудасы 6 болатын жер сілкіністері бұл өңірде шамамен он жылда бір рет болып тұрады, – деді Киото университетінің Табиғи апаттардың алдын алу институтының профессоры Такуя Нисимура.

Оның сөзінше, жер сілкінісінің механизмі тектоникалық плиталардың шекарасына жақын болғанымен, оның Фудзи жанартауының атқылауына себеп болуы екіталай.

Жапония табиғи апаттарға жиі ұшырайтын елдердің бірі. Бұған дейін, бейсенбі күні елдің солтүстік-шығысында тағы бір күшті жер сілкінісі болғанын жазған едік. Ал елдегі АЭС-тер бұл жер сілкінісінен кейін штаттық режимде жұмыс істеп тұр.