Жапонияның ЖІӨ-сі жылдық есеппен 1,8%-ға құлдырады

Фото: Синьхуа

ТОКИО. KAZINFORM — Жапония экономикасы 2025 жылдың үшінші тоқсанында жылдық көрсеткіш бойынша 1,8 пайызға қысқарды. Бұл — соңғы алты тоқсанда алғаш рет тіркелген экономикалық құлдырау, деп үкіметке сілтеме жасап, Синьхуа агенттігі жазды.

Министрлер кабинетінің мәліметінше, шілде–қыркүйек аралығында инфляцияны ескерген нақты жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) алдыңғы үш аймен салыстырғанда 0,4 пайызға төмендеген.

ЖІӨ-нің қысқаруы күтілген еді, себебі ел экономикасы жоғары инфляция, жеке тұтынудың баяулауы және АҚШ-тағы жоғары тарифтер сияқты факторларға тап болды.

Экспорт сәуір–маусым кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға азайды, ал импорт 0,1 пайызға төмендеді. Соның нәтижесінде сыртқы сұраныс (экспорт минус импорт) ЖІӨ-ні 0,2 пайыздық тармаққа қысқартты, бұл жалпы төмендеудің жартысын құрайды.

Басқа негізгі көрсеткіштерге сүйенсек, жалпы экономикалық өндірістің жартысынан астамын құрайтын жеке тұтыну 0,1 пайызға өсті, ал корпоративтік инвестициялар 1,0 пайызға артты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жапонияда наразы топ премьер-министр Такаичидің қызметтен кетуін талап еткенін жазған едік.