Жаппай келіп жатқан ресейліктерге көмектескендерге қой дей алмаймыз – министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішінара әскери жұмылдырудан бас сауғалап Қазақстанға қоныс аударып жатқан ресейліктерге көмек көрсету үшін ашылған әлеуметтік желі чаттарына мониторинг жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайдыҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір Ресеймен шекарамызда ұзынсонар кезек қалыптасқан. Көптеген ресейліктер ішінара әскери жұмылдырудан қашып, елімізге ұмтылуда. Осыған байланысты көптеген қазақстандықтар аталған ресейліктерді тасымалдау, құжат рәсімдеуге көмектесу, банк карталары мен ЖСН алуға жәрдемдесу қызметін ұсынып, түрлі чаттар ашып жатыр. Бұл чаттар тексеріліп жатыр ма? Мұндай қызмет ұсынушыларға байланысты қандай да бір шара қолданыла ма?», - деп сұрады БАҚ өкілі.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда әлеуметтік желінің бәріне мониторинг жүргізіліп отыр.

«Әрине бүкіл әлеуметтік желілерге, басқа ресурсртарға да мониторинг жүргізіліп жатыр. Бірақ мынаны атап өту керек. Қазақстанда бәрі заңнамамен айқын реттелген. ЖСН алу да, сырттан келушілердің құзырлы органдарға хабар беру тәртібі де заңнамада нақты көрсетілген. Сондықтан еріктілер мен өзге тұлғалар көмектесіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатса, бұл жерде біз оларды шектей алмаймыз. Дей тұрғанмен, қандай да бір көлеңкелі алаяқтық схемалар тіркелсе, әрине, жолы кесіледі», - деді Марат Ахметжанов.


Фото: ortcom.kz