Жарамсыз газ баллондарынан туындайтын жарылыстар саны 100-ден асады
АСТАНА. KAZINFORM – 1 шілдеден бастап елімізде тұрмыстық газ баллондарына сұйытылған мұнай газын таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
«Тиісті бұйрыққа Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қол қойды. Жоба 31 желтоқсанға дейін жалғасады», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Энергетика министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 800 мыңнан астам тұрмыстық газ баллоны айналымда жүр.
«Жыл сайын жарамсыз немесе пайдалану мерзімі өткен баллондарды қолдану салдарынан 100-ден астам жарылыс фактісі тіркеледі», – деді ведомство өкілдері.
Пилоттық жоба аясында таңбалау кодтарын енгізу әдістері, қолданыстағы бизнес-процестермен интеграция, сондай-ақ айналымға қатысушылардың операциялық қызметіндегі ықтимал өзгерістер сынақтан өтеді.
«Пилоттық жобаны Энергетика министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігі және тауарларды таңбалау мен қадағалаудың Бірыңғай операторы – Tañba компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады», – деді министрлік.
Министрліктің хабарлауынша, газ баллондарын цифрлық таңбалау жүйелі есепке алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және барлық кезеңдерде қадағалауға мүмкіндік береді.
«Пилоттық жоба нәтижелері бойынша тұрмыстық газ баллондарына міндетті таңбалау енгізу туралы шешім қабылданады», – деп мәлім етті ведомство.
Айта кетейік, қазіргі таңда міндетті таңбалау үш тауар тобына – темекі өнімдері, аяқ киім және дәрілік заттарға енгізілген.
Сонымен қатар мотор майлары, сыра және сыра сусындары, зергерлік бұйымдар, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды. БАД өнімдері бойынша жоба іске асырылуда, ал тұрмыстық химия тауарларына қатысты пилоттық кезеңді бастау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Павлодарлық құтқарушылар жанып жатқан үйден газ балонын алып шықты.