Жарыста жұдырық жұмсаған бокс бапкері жұмыстан шеттетілді

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жаттықтырушы Ерік Маржықпаев екі жылға жарыстардан шеттетілді.

Қазақстан бокс федерациясынан мәлім еткеніндей, 5 желтоқсан күні Ақтау қаласында бокстан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты кезінде Ақмола облысының спортшысы Дамир Ибрагимов пен Астана қаласының өкілі Кенесарыәмір Маржықпаев кездесті. Жекпе-жек 4:1 есебімен Ибрагимовтың пайдасына аяқталды.

Нәтиже жарияланған соң Астана қаласының жаттықтырушысы (К. Маржықпаевтың әкесі) Ерік Маржықпаев төрешілер шешіміне қарсылық білдіріп, дауыс көтерді, кейін текетірес орын алып, ол төрешілерге физикалық күш көрсетті.

 — Боксшылар әулетінің өкілі Ерік Маржықпаев көп ұзамай басқа мамандардан кешірім сұрады. Осыған орай Қазақстан бокс федерациясы Е.Маржықпаевтың мәселесі бойынша атқарушы комитеттің отырысын өткізіп, ҚР спорттық этикасының бұзылу мәселесін қарастырды. Отырыс нәтижесінде мынадай шешім қабылданды: Е.Маржықпаев бапкерлерді, төрешілерді, жарыс ұйымдастырушыларын құрметтемегені және ҚР спорттық этикасын бұзғаны үшін бокстан жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстардан 2 жылға шеттетілді -, деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Сағындық Тоғамбайдың өзбекстандықты нокдаунмен жеңгенін жазған болатынбыз.