Жәрмеңкеде бір бұйым өтсе, соған қуанамыз — қолөнерші

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда тұрғыны Күлсін Арзымбетова — арбаға таңылғанына қарамастан сынаққа еш мойымаған жан. Керісінше өзін дамытуға, қоғамға пайдалы болуға тырысады.

Фото: Күлсін Арзымбетованың жеке мұрағатынан

Ол мектепті ауылдық жерде 1976-1986 жылдары тәмамдаған. Қолөнерге қызығушылығы оқушы күнінде басталған. Алғашында тоқумен айналысып, кейін бұл өнерді одан әрі жетілдіруге талпынды. Облыс орталығына көшкеннен кейін «Сыр шеберлері» тобымен бірге түрлі жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысып жүрді.

— 2020 жылы «Даму» қоры тігін машинасын сыйға тартты. Сол кезден бастап тігін тігуді үйреніп, кәсібімді кеңейтуге мүмкіндік туды. Алғашқы ұстазым — Қызылордадағы «Аламан құрақ» қозғалысының белсендісі Үржамал Дүйсенәлиева. Ол кісіден құрақ құраудың қыр-сырын меңгеріп, кейін өз бетімше түрлі тапсырыстарды орындайтын болдым. 2023 жылы әлеуметтік дәрежесіне қарай берілетін қайтарымсыз мемлекеттік грантты иелендім. Грант қаржысына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібімді дамыттым. Бүгінде түрлі бұйым тігіп, тапсырыс қабылдаймын, — деді Күлсін Арзымбетова. 

Фото: Күлсін Арзымбетованың жеке мұрағатынан

Дегенмен, мүгедектігі бар адамдарға арнап ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде сауда қызу жүрмейді екен. Адамдар көп жағдайда бұйымдарды тек тамашалап кетеді екен. Көз майын тауысып еңбектенген шебер бір зат сатылса, соған қуанып қалады. 

— Мен үшін үлкен мектеп болған жобалардың бірі — «Аламан құрақ». Бұл жоба туралы алғаш рет әлеуметтік желіден көріп, 2023 жылы қатысуға шешім қабылдадым. Сол жылы Қызылорда облысынан 13 адам қатысып, бізге Қүлайхан Байжанова жетекшілік етті. 2024 жылы Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу бақыты бұйырды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 400 құрақшы тайқазан маңына ұлттық нақыштағы көрпелерді жайып, қазақ қолөнерінің әлеуетін паш етті. Ал өткен жылы Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында өткен іс-шарада еліміздің 17 өңірінен келген 660 құрақшы бас қосып, Гиннес рекордын орнаттық. Бұл — біз үшін үлкен мақтаныш, — дейді қолөнерші. 

Фото: Күлсін Арзымбетованың жеке мұрағатынан

«Аламан құрақ» жобасы биыл Өскеменде бұрынғыдан да ауқымды деңгейде өтті. 780 құрақшы бір мезетте «Барқыт бел» көрпесі мен жылқы жастығы арқылы тағы бір рекордқа қол жеткізді. Мәдени мұрамызды сақтап, әлемге танытудың бірегей бастамасын Нұргүл Абайхан абыроймен жүзеге асырып жүр. 

— «Аламан құрақтың» берері өте көп. Бұл жоба үйде отырған үлкендерді, жас аналарды, мектеп оқушыларын бір арнаға тоғыстырады. Қатысушылар жаңа достар тауып, тәжірибе алмасады, шеберлік сабақтарына қатысады. Ең бастысы, еңбегі еленіп, марапатқа ие болады. Бұл адамдарға ерекше қуаныш сыйлайды, — дейді ол. 

Фото: Күлсін Арзымбетованың жеке мұрағатынан

Қолынан келетін істі жан қалауына айналдырған Күлсін Арзымбетова мұндай мүмкіндікті тағдырдың сыйы деп қабылдайды. Өзі сияқты қоғаммен араласқысы келетін, өнер арқылы дамуды қалайтын тағдырлас жандарды ештеңеге қарамастан алға жылжуға үндейді. Өмір жолында кездесетін түрлі кедергіні еңсеріп, жарыққа ұмтылу адамның ерік-жігеріне байланысты деп есептейді. 

Еске салайық, биыл 7 шілдеде елімізде алғаш рет Қолөнершілер күні аталып өтеді. Бұл күн ұлттық қолөнердің қоғамдағы орнын айқындап, ғасырлар бойы үзілмей жалғасқан шеберлік дәстүріне құрмет іспетті.