Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ұлт мұрасын ұлықтаған: Қазақстанда алғаш рет Қолөнершілер күні өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 7 шілдеде елімізде алғаш рет Қолөнершілер күні аталып өтеді. Былтырдан бастап кәсіби мерекелер күнтізбесіне енген бұл күн – ұлттық қолөнердің қоғамдағы орнын айқындап, ғасырлар бойы үзілмей жалғасқан шеберлік дәстүріне құрмет істпетті. Бүгінде қазақтың дәстүрлі қолөнері ЮНЕСКО деңгейінде мойындалып, мемлекеттік және қоғамдық бастамалардың арқасында жаңа тыныс алып келеді.

қолөнер
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Еске салайық, өткен жылдың тамыз айында Қазақстандағы кәсіби мерекелер тізбесі толықтырылып, бірқатар жаңа атаулы күн бекітілді. Соған сәйкес, 7 шілде – Қолөнершілер күні, 9 шілде – Табиғи монополиялар саласы қызметкерлері күні, 15 қыркүйек – Санитариялық-эпидемиологиялық қызметкерлер күні, 20 қазан – Қоғамдық тамақтану саласы қызметкері күні, ал 29 қазан – Қазақстан кәсіпкерлері күні болып белгіленді

Қазақ қолөнерінің бастауы

Қазақтың дәстүрлі қолөнері халықтың тұрмыс-тіршілігін ғана емес, дүниетанымын, эстетикалық талғамын, табиғатпен үйлесімде өмір сүру мәдениетін танытады. Сан ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осы өнер көшпелі өркениеттің материалдық және рухани мұрасын бүгінгі күнге аман жеткізді.

национальное рукоделие ұлттық қолөнер
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Қазақ қолөнерінің бастауы Еуразия даласын мекендеген сақ, ғұн, үйсін және көне түркі тайпаларының мәдениетімен сабақтас. Көшпелі өмір салты әрбір бұйымның әрі пайдалы, әрі көркем болуын талап етті. Киіз үйдің сүйегін жасау, киіз басу, текемет пен сырмақ сыру, алаша тоқу, ер-тұрман әзірлеу, қару-жарақ соғу, зергерлік бұйым жасау – мұның бәрі күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігі болды. Археологиялық қазбалардан табылған аң стиліндегі алтын әшекейлер, ат әбзелдері, қару-жарақ пен тұрмыстық заттар сол дәуір шеберлерінің талғамы биік болғанын айқын көрсетеді. Академик Әлкей Марғұлан қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің негізі осы ежелгі мәдениеттерден бастау алатынын жазады. Ғалымның пайымынша, қазақ шеберлері ата-бабадан жеткен кәсіпті сол күйінде сақтап қана қоймай, көшпелі өмірдің сұранысына бейімдеп, үздіксіз жетілдіріп отырған.

қолөнер
Фото: Kazinform

Алтын орда мен Қазақ хандығы тұсында қолөнер ісі жаңа белеске көтерілді. Сауда жолдарының кеңеюі, қалалар мен жәрмеңкелердің дамуы шеберлердің тәжірибе алмасуына, жаңа тәсілдерді меңгеруіне мүмкіндік берді. Соған қарамастан, қазақ қолөнері өзінің ұлттық болмысынан айныған жоқ. Шеберлік атадан балаға, ұстаздан шәкіртке жалғасып, әр өңірдің өзіне тән өрнегі, нақышы мен бұйым жасау мәнері қалыптасты.

Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ қолөнерін ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары қарқын алды. Бұл салада Садық Қасиманов, Әлкей Марғұлан, Халел Арғынбаев және Өзбекәлі Жәнібеков сынды ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің еңбегі ерекше. Әсіресе, Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық киім, қолөнер, музей ісі мен этнографияны жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосып, ұмыт бола бастаған көптеген дәстүрдің қайта жандануына жол ашты.

Бүгінде қазақтың сәндік-қолданбалы өнері әлемдік мәдени кеңістікте кеңінен таныла бастады. Ұлттық бұйымдар халықаралық көрмелерде қойылып, қазақ қолөнері елдің мәдени брендіне айналып келеді. Ал жас дизайнерлер дәстүрлі ою-өрнек пен шеберлік тәсілдерін заманауи үлгілермен үйлестіріп, ұлттық нақышты жаңа қырынан танытуға күш салып жүр. Бұл ғасырлар қойнауынан жеткен өнердің уақытпен бірге жаңарып, өміршеңдігін сақтап келе жатқанын көрсетеді.

национальное рукоделие ұлттық қолөнер
Фото: Kazinform

ЮНЕСКО мойындаған мұралар

Қазақтың дәстүрлі қолөнері ұлттық мәдениеттің ғана емес, әлемдік өркениеттің құнды мұрасы ретінде де бағаланып отыр. Соның айқын дәлелі – киіз үй жасауға қатысты дәстүрлі білім мен шеберлік дағдылары ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді

Астанада Наурыз мерекесіне орай ерекше эко-киіз үй орнатылды
Фото: Астана әкімдігі

2025 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бірлесіп ұсынған «Қазақ, қырғыз және қарақалпақ киіз үйін жасауға қатысты дәстүрлі білім мен шеберлік дағдылары» аталымы ЮНЕСКО тарапынан ресми мойындалды. Бұл – киіз үйдің өзін ғана емес, ағаш ұсталарының, киіз басушылардың, тоқымашылардың және оны безендіретін шеберлердің көп ғасырлық тәжірибесі мен кәсіби мұрасын халықаралық деңгейде таныған маңызды шешім болды.

Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шараларға 2 миллионнан астам адам қатысты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

ЮНЕСКО тізіміндегі тағы бір қазақ мұрасы – домбыра мен күй өнері. Ол 2014 жылы адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді. Күй – музыкалық өнер болғанымен, оны орындауға арналған домбыраның жасалуы да ғасырлар бойы қалыптасқан шеберлік дәстүрімен тығыз байланысты. Сондықтан бұл мұра ағаш өңдеу өнері мен аспап жасау кәсібінің де өміршеңдігін сақтауға ықпал етеді.

Сол сияқты ЮНЕСКО мойындаған құсбегілік дәстүрі де қолөнермен біте қайнасқан. Қыран құсқа арналған томаға, балдақ, қолғап, тұғыр, сондай-ақ атқа арналған ер-тұрман мен өзге де жабдықтарды жасау – осы кәсіптің ажырамас бөлігі. Бұл дәстүрлердің сақталуы ұлттық қолөнердің де жалғасуына жол ашып отыр.

Өмірінде 62 қыран баптап салған ұлы құсбегі
Фото: Мүбарак Қизатұлы

Ал қазақтың зергерлік өнері, сырмақ сыру, текемет жасау, алаша тоқу, ағаш және сүйек ою сияқты қолөнер түрлері әзірге ЮНЕСКО-ның жеке элементтері ретінде тіркелмеген. Дегенмен олардың барлығы Қазақстанның ұлттық материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген және халықаралық деңгейде таныстырылатын келесі номинациялар қатарына қосылуға толық әлеуеті бар

Астанада Наурыз мерекесіне орай тақия кестелеуден шеберлік сағаты ұйымдастырылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта кестелеу өнері мен киіз басу дәстүрін ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл номинациялар ұйымның 2026 жылғы қарауына ұсынылған. Егер бастама қолдау тапса, қазақтың дәстүрлі қолөнерінің әлемдік мәдени мұрадағы орны бұрынғыдан да нығая түспек

                                       Дәстүрді дизайнмен үндестірген шеберлер

Жуырда Астанадағы Qazaq Creative орталығында Солтүстік Қазақстан облысының «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты көрме-жәрмеңкесі өтті. Іс-шарада өңірдің тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық брендтері, қолөнер туындылары, заманауи технологиялық бастамалары мен инклюзивті жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге келген жұртшылық қазақтың дәстүрлі қолөнерінің бүгінгі тынысымен танысып, ұлттық мұраны жаңаша дәріптеп жүрген шеберлердің еңбегіне куә болды.

s
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Солардың бірі – суретші, киіз басу өнерінің шебері Айжан Дайырова. Ол бұл кәсіппен 18 жылға жуық уақыт бойы айналысып келеді. Жоғары көркем білім алған маман өнер мектебінде сурет, кескіндеме және композиция пәндерінен сабақ береді. Ал 2015 жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектебінде киіз басу өнерінен дәріс оқып, жас ұрпаққа киіздің қыр-сырын үйретіп келеді.
Айжанның айтуынша, ұлттық өнерге деген қызығушылығы бала күнінен қалыптасқан.

s
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

– Бала кезімде әжеме ешкінің түбіті әкелінетін. Оны бірге жуып, тазалап, өңдейтінбіз. Кейін әжем сол түбіттен жіп иіретін. Тоқу, кесте тігу, тігіншілік – бәрі де бала күнімнен бойыма сіңген өнер. Сол тәрбиенің арқасында бүгінгі кәсібімді таптым. Киіз – адамзат өркениетіндегі ең көне табиғи материалдардың бірі. Көшпелі жұрт оны тек тұрмысқа қажетті бұйым жасауға ғана емес, өмір салтының ажырамас бөлігі ретінде пайдаланған. Киізден киім тігілген, төсеніштер мен үй жабдықтары әзірленген. Жаңа туған сәбилерді жылы ұстауға да, хандарды ақ киізге көтеріп ұлықтауға да осы киіз қолданылған, – дейді шебер.

Бүгінде Айжан Дайырова осы көне өнерді заманауи дизайнмен сабақтастырып, ұлттық қолөнердің жаңа тынысын ашып жүр.

d
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

– Мен үшін ең маңыздысы – дәстүрдің үзілмеуі. Балаларға ата-бабадан жеткен өнерді бүгінгі заманның тілімен жеткізуге тырысамын. Киіз басу – өткеннің ғана мұрасы емес, қазіргі дизайнда да кеңінен қолдануға болатын өнер. Қазір әлеуметтік желілерде оюлардың мәніне қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Біз бұл мәселелерді тарихшылармен және суретшілермен бірге талқылаймыз. Қазақ дүниетанымында әр оюдың өз орны болған. Мәселен, жұлдыз бейнесіндегі космогониялық өрнектер бас киімге салынса, өсімдік тектес өрнектер киімге қолданылған. Ал су мен жерді бейнелейтін оюлар бұйымдардың төменгі бөлігіне орналастырылған. Мұның бәрі халқымыздың табиғатпен үндес дүниетанымынан туған, – дейді Айжан.

Көрмеде ұлттық мұраны дәріптеген тағы бір шебер – ағаштан түйін түйген Болатбек Қалдыров. Оның айтуынша, ағашшылық – бірнеше буын сақтап келе жатқан әулетінің ата кәсібі. 

– Біз алты ағайындымыз. Бәріміз ағаш оюмен айналысамыз, ал үшеуміз осы істі кәсіби кәсіпке айналдырдық. Бұл өнер бізге атамыздан дарыған. Ол шана, доға, бесік жасаған ұста болған. Мұндай шеберлік қанмен келеді деп ойлаймын. Оның үстіне туған жердің де өз әсері бар. Біздің ауылда шығармашылыққа бейім адам көп, – дейді шебер.

Болатбек негізінен қайың ағашынан астау жасайды. Оның айтуынша, сапалы бұйым жасау үшін біртұтас өзегі бар ағаш таңдалып, бірнеше кезеңнен өтеді.

– Бір діңгектен екі астау шығарамыз. Алдымен жонып, кептіріп, кейін оюын саламыз. Жиырма шақты күн кептіруге кетеді. Соңында жылқының немесе қаздың майымен, кейде ара балауызымен өңдейміз. Сонда ағаш ұзақ сақталады әрі табиғи қасиетін жоғалтпайды, – дейді ол.

Шебердің қолынан шыққан бұйымдарға шетелдіктердің де қызығушылығы жоғары. Оның жасаған шоқпарларының бірін Германиядан келген қонақ арнайы сатып алып кеткен. Өз сұхбатында Болатбек астауға қатысты ұмытылып бара жатқан көне дәстүрді де еске алды.

– Бұрын біздің өңірде келін жүкті болған кезде отбасы арнайы ұстаға барып, астау жасататын. Бала дүниеге келгеннен бастап сол астау отбасының қасиетті бұйымына айналған. Бұл – кітапқа жазылмағанымен, халық жадында сақталған салт. Қазір мұндай астауларды қыз жасауына қосып беретіндер де бар, – дейді шебер.

d
Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Қазақтың ағаш ұсталары киіз үйдің керегесі, уығы мен шаңырағынан бастап бесік, кебеже, асадал, адалбақан, ыдыс-аяқ пен ат әбзелдеріне дейін жасаған. Бұл бұйымдардың бәрінде беріктік пен сұлулық қатар өріліп, ұлттық қолөнердің басты ерекшелігін айқындады. Сондықтан қазақ шеберлерінің әр туындысы тұрмыстық зат қана емес, халқымыздың дүниетанымы мен эстетикалық талғамының көрінісі саналады.

Қолөнерді қолдау қарқыны қалай

Елімізде қолөнершілердің нақты саны жөнінде бірыңғай статистика жоқ. Дегенмен бұл саланы жүйелі дамытуға бағытталған ұйымдар мен жобалардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Соның бірі – 2012 жылы құрылған Қазақстан қолөнершілер одағы. Ұйым шеберлердің мәртебесін көтеру, олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және ұлттық қолөнер мұрасын сақтау бағытында жұмыс істейді. Бүгінде одақ құрамында 150-ден астам мүше бар. Оның өкілдіктері Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Ақтау, Шымкент, Өскемен және Түркістан қалаларында жұмыс істейді. Әр өңірлік филиал 70-100 шебермен байланыс орнатқан. Осылайша, одақ республика бойынша 650-750-ден астам қолөнершіні біріктіріп, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға көмектесетін кәсіби қауымдастық қалыптастырды.

қолөнер
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Одақтың қызметі тек шеберлердің басын қосумен шектелмейді. Ол ұлттық және халықаралық көрмелерді, жәрмеңкелер мен фестивальдерді ұйымдастырып, қазақстандық қолөнер бұйымдарын кеңінен насихаттап келеді. Сонымен қатар жас шеберлерге арналған байқаулар, шеберлік сабақтары мен оқыту бағдарламалары арқылы ата кәсіптің сабақтастығын сақтауға үлес қосып жүр.

Соңғы жылдары қолөнерді креативті индустрияның маңызды бағыты ретінде дамытуға басымдық беріле бастады. Осы мақсатта іске қосылған QAZAQ CREATIVE платформасы шығармашылық жобаларды қолдап, авторларға гранттар, білім беру бағдарламалары мен кәсіби даму мүмкіндіктерін ұсынады. Сондай-ақ қазақстандық креативті өнімдердің халықаралық нарыққа шығуына жағдай жасауға күш салып келеді.

рукоделие қолөнер
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Жуырда «Креативті индустрияларды дамыту қоры» «Ұлттық қолөнер мектебі» байқауының алғашқы іріктеу кезеңін қорытындылады. Жобаның мақсаты – дәстүрлі қолөнерді сақтап, тәжірибелі шеберлердің білімін жас ұрпаққа жеткізу және өңірлердегі қолөнер мектептерінің жұмысын жандандыру. Биылғы конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 330 өтінім түсті. Іріктеу нәтижесінде үздік 10 шебер таңдалып, олар Астанадағы Qazaq Creative Hub базасында арнайы даярлықтан өтеді. Кейін осы шеберлер 8-20 жас аралығындағы балалар мен жастарға ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретпек.

Байқауға ең көп өтінім оңтүстік өңірлерден келді. Қатысушылар арасында дәстүрлі тоқыма өнері мен киіз басуға қызығушылық басым болды. Сонымен бірге сәндік-қолданбалы өнер, этнодекор, ұлттық киім үлгілеу және зергерлік өнер бағыттары бойынша да көптеген жоба ұсынылды. Бұл ұлттық қолөнерге қызығушылықтың бәсеңдемегенін, оны заман талабына сай дамытып, кәсіби деңгейде игеруге ұмтылатын жаңа буын қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Қолөнершілер күнінің бекітілуі де осы үрдістің заңды жалғасы деуге болады. Өйткені ұлттық қолөнер – әрі мәдени мұраны сақтайтын, әрі креативті экономикаға серпін беретін, Қазақстанды әлемге танытатын маңызды сала.

Бұған дейін қазақ хандарын, батырлары мен аңыздарын ағаштан қашап жасайтын өскемендік мүсінші Юрий Костанянц туралы жазған едік.

Ал атыраулық қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиев ұлттық аспап жасауға жаңашылдық енгізіп, қобыздың шанағын балық терісінен жасап шықты.