СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Кинологиялық қызмет орталығының базасында қызметтік-іздестіру иттері тестілеуден өтті. Полицейлердің көмекшілері адамдарды із алып іздеу, есірткі заттарын және жарылғыш заттарды анықтау, сондай-ақ зертхана жағдайында одорологиялық сәйкестендіру жасау арқылы тексерілді. Бұл – олардың жұмысындағы негізгі бағыттар.
СҚО ПД КҚО бастығы Самат Төлебаевтың сөзінше, полицияның 52 қызметтік иті бар. Оның 25-і – аудандық полиция бөлімдерінде, 6-ы – Петропавл қалалық полиция басқармасында, 21-і – облыстық полицияның кинологиялық орталығында. 12 ит аудандық бөлімдерді күзетсе, қалғандары із алатындар.
Тест қабылдау барысында 23 қызметтік-іздестіру иті сынақтан өтті. Есірткі қылмысына қарсы күрес, экстремизмге қарсы күрес, криминалдық полиция және жедел-криминалистикалық басқармалары сияқты полицияның жетекші бөліністерінің басшыларынан тұратын комиссия кинолог-полицейлердің машықтарын бағалады. Өйткені бұл бөліністер Кинологиялық қызметтік орталықпен тығыз байланысты.
Самат Төлебаевтың айтуынша, қызметтік иттер орталық аумағында да, дала жағдайында да сыналды. Есірткіні және жарылғыш заттарды алмастыратын, иісі ұқсас заттарды иттер орманды, далалы жерлерден, автокөліктерден іздеді. Жарылғыш заттарды іздестіруде тәжірибелі инспектор-кинолог Евгений Сичковтың Айза атты неміс овчаркасы үздік нәтиже көрсетті.
Есірткіні табуда Робби атты бельгия овчаркасы ерекшеленді, оның үйретушісі полицей-кинологі Виктор Фукс.
Адамды орманды жерлерден іздестіруде Көкжал атты бельгия овчаркасына тең келер ит болмады. Оның үйретушісі полицей-кинолог Рашид Сұлтанов.
ПД жедел-криминалистикалық басқарманың одорологиялық зерттеу зертханасындағы сынақта үш жасар Дези атты ит үздік болды. Спаниельді жаттықтырған полиция сержанты – Николай Железнов.
Айта кететіні, тестілеу барысында жақсы нәтиже көрсеткен иттердің барлығы – бұрын кинологтармен бірге ҚР ІІМ Кинологиялық орталығы базасында бірнеше айлық жаттығулардың күрделі курстарынан өткен.
Жалпы жеті айда СҚО-да қызметтік-іздестіру иттері полицейлермен бірге 374 қылмыстың бетін ашты, басым бөлігі – ұрлық. Есірткімен байланысты 10 қылмыс ашылды.