«Жас геолог» олимпиадасы: жеңімпаз оқушыларға ЖОО гранты беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – «Жас геолог» олимпиадасының жеңімпаздары еліміздің жетекші 3 жоғары оқу орнында тегін білім алады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров айтты.
— Қазір жерасты кен орындарын барлау жұмыстары жанданып жатқандықтан, геолог мамандарға сұраныс артып келеді. Сонымен қатар геология мамандығы бойынша жоғары оқу орындары түлектерінің саны да өсіп келеді. Егер 2022 жылы тек 1224 маман бітірсе, 2024 жылы тау-кен ісі және геология мамандығы бойынша 3000-нан астам маман бітірді. Бұл ретте Сәтбаев техникалық университетінің деректері бойынша түлектердің 98%-ы мамандық бойынша жұмысқа орналасады, - деді ол ОКҚ алаңында.
Комитет басшысы болашақта геолог болғысы келетін оқушылардың олимпиадаға қатысып, ЖОО грантын жеңіп алуға мүмкіндігі барын айтты.
— Геолог мамандығын кең дәріптеу жұмыстары аясында біз «Жас геолог» олимпиадасын өткіземіз. Онда жеңімпаздарға 9 білім гранты беріледі. Яғни, еліміздің жетекші 3 ЖОО-сы әрқайсысы 3 гранттан тағайындайды, - дейді Ерлан Акбаров.
Одан бөлек, спикер оқушыларды геологияға тарту мақсатында «Жас геолог» корпоративтік қоры жұмыс істейтінін атап өтті.
Бұған дейін елімізде геологтер қанша жалақы алатынын жазған едік.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде қандай пайдалы қазбалар бойынша геологиялық барлау жүргізу қажеттігін айтқан еді.