Жас теннисші Аңсар Ниетқалиев қатарынан үш титулды жеңіп алды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 14 жастағы Аңсар Ниетқалиев жасөспірімдер арасында үш ITF Juniors турнирінде жеңімпаз атанды. 

Аңсар алдымен Түркияның Бурса қаласында J30 санатындағы жарыста финалда жергілікті спортшы, доданың 5-ракеткасы Берке Окумусты айқын басымдылықпен ұтты — 6:2, 6:0.

Қарқынын бәсеңдетпеген Аңсар Ниетқалиев бір аптадан кейін Түркияның Адана қаласында дәл осындай турнирде үздік шықты. Ол жұптық сында отандасы Хақназар Жеткербаймен бірге соңғы бәсекеде түркиялықтар Гюлер — Конияны камбэк жасап, тізе бүктірді — 6:7 (5:7), 6:3, 10:8.

Аңсар үшінші жеңісіне туған жерінде қол жеткізді. Ол Алматыда жаңадан ашылған «Алатау» теннис орталығында J60 Almaty Open жарысында үздік шықты. Аңсар Ниетқалиев финалда өзінен әлдеқайда тәжірибелі, тағы бір қазақстандық Олжас Есеналыға мүмкіндік қалдырмады — 6:2, 6:2.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакинаның әлемнің 4-ракеткасын ойсырата жеңгенін жазған едік.

Александр Бублик әлемдік рейтингіде жеке рекордына қол жеткізді.