Жасанды интеллект адамның жауапкершілігін алмастырмауы тиіс – Дархан Жазықбай

АСТАНА. KAZINFORM - Жасанды интеллект шешім қабылдауға көмектескенімен адамның жауапкершілігін алмастырмауы тиіс. Мұндай пікірді Женевада өтіп жатқан БҰҰ-ның Жасанды интеллектті басқару жөніндегі жаһандық диалогында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай білдірді.

Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

«ЖИ саласындағы алшақтықтарды еңсеру: әлеуетті арттыру, қолжетімділік және цифрлық негіздер» атты сессияда сөз сөйлеген агенттік төрағасы жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа технологияларды тиімді әрі жауапты пайдалануға дайындығына тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың жасанды интеллектіге деген сенімі алгоритмдерге емес, мемлекеттің шешімдерді қаншалықты әділ, ашық және есепті түрде қабылдайтынына деген сенімнен басталады.

Сонымен қатар ол Қазақстанның нақты тәжірибесі ретінде мемлекеттік қызметті цифрлық трансформациялау нәтижелерін таныстырды.

Бүгінде e-Qyzmet цифрлық HR-платформасы 80 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіні біріктіріп, 400-ден астам цифрлық HR-процесті қамтиды. Платформа 100-ден астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Мемлекеттік қызметке іріктеу конкурстары толықтай онлайн форматта небәрі 5–7 жұмыс күні ішінде өткізіліп, ашық, бәсекелі әрі объективті іріктеуді қамтамасыз етеді.

Қазақстан мемлекеттік басқаруда Integrity by Design қағидатын басшылыққа алады.

Кандидаттардың анонимдендірілген деректерін пайдалану, бірыңғай бағалау жүйесі, рейтингтердің автоматты түрде қалыптастырылуы және әрбір шешімнің цифрлық ізінің сақталуы субъективтілік пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта агенттік кадрлық деректерді талдау кезінде жасанды интеллект технологияларын қолданып, болжамды кадрлық жоспарлау мен мемлекеттік функцияларға аудит жүргізу бағытында жұмыс істеуде. Мемлекеттік секторда жасанды интеллектті енгізу қолжетімділік, адами бақылау және есептілік қағидаттарына негізделген.

- Жасанды интеллект шешім қабылдауға көмектесе алады, бірақ ол адамның жауапкершілігін алмастырмауы тиіс. Түптеп келгенде, мәселе технологияның мемлекетті өзгерте алатынында емес, мемлекеттің осы технологияларға қандай құндылықтар енгізетінде жатыр. Қазақстан ашықтық пен тең мүмкіндіктер қағидатын ұстанады және осы бағыттағы тәжірибесімен бөлісуге дайын, – деді Дархан Жазықбай.

Айта кетейік, аталған іс-шарада Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның БҰҰ реформаларын қолдайтынын растап, «цифрлық ұлт» құрудағы ұлттық тәжірибесімен бөлісті.