Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертеді – зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект экономика мен еңбек нарығын өзгертетін негізгі факторлардың біріне айналып келеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Оның айтуынша, 2025 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігімен бірлесіп, жасанды интеллектінің еңбек нарығы мен кадр даярлау жүйесіне ықпалын зерттеген.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы жұмыс күшінің шамамен 70%-ында жасанды интеллектіні қолдану арқылы еңбек өнімділігін арттыруға орташа немесе жоғары мүмкіндік бар. Сонымен қатар мамандықтардың 53%-дан астамында жекелеген міндеттерді ішінара автоматтандыруға жағдай жасалған.

— Бұл адамның орнын технология алмастырады дегенді білдірмейді. Әңгіме еңбек сипатының, сондай-ақ мамандардың дағдылары мен құзыреттеріне қойылатын талаптардың өзгеруі туралы болып отыр, — деді Динара Щеглова.

Вице-министрдің сөзінше, зерттеудің негізгі қорытындыларының бірі – жасанды интеллектіге негізделген экономикаға көшу үшін жоғары білімді мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау қарқынын шамамен үш есе жеделдету қажеттігі.

Бұған дейін барлық жоғары оқу орнында студенттерге жасанды интеллект пәнін оқыту енгізілетіні хабарланған еді.