Бұл туралы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI компаниясының бірлескен жобасының нәтижелерін таныстыру кезінде жоба жетекшісі Анар Құрманжанқызы айтып берді.
Оның айтуынша, жасанды интеллектінің қазақ тілінде дұрыс сөйлеуі ғана жеткіліксіз. Ол қазақтың тарихын, дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін және мәдени ерекшеліктерін де түсінуі керек.
— Осыны тексеру үшін 500 сұрақтан тұратын арнайы тапсырмалар жинағы әзірленген. Сұрақтар қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен этнографиясына қатысты. Осы сынақтан GPT-5.6 Terra моделі де өтті. Оның дұрыс жауап беру көрсеткіші 35,92%-ды құрады, — деді спикер.
Осылайша, оның сөзінше, сынақ нәтижесі жасанды интеллектінің қазақ тілімен қатар, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін қаншалықты меңгергенін де бағалауға мүмкіндік береді.
— Жасанды интеллектіні тексеруге арналған жүйеде бұдан бөлек қазақ тіліндегі мәтінді түсіну, грамматиканы дұрыс қолдану, табиғи сөйлеу, мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді пайдалану, аударма жасау және қауіпсіз жауап беру қабілеті де бағаланады. Бағалау жүйесі ағылшын тілінен аударылмай, қазақ тілінің тілдік және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, тікелей қазақ тілінде құрастырылды, — деді Анар Құрманжанқызы.
Алдағы уақытта 500 сұрақтан тұратын бұл сынақ жүйесін ғалымдар мен зерттеушілерге қолжетімді ету жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада қазақ тілінен ересектерге арналған тегін курс өтетіні хабарланды.