Жасанды интеллект олимпиадасына отандық демеушілердің қызығушылығы артты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасанды интеллект мамандарына деген сұраныс технологиялық нарық шеңберінен шығып, қаржы секторына дейін ұласты. Биыл Астанада өтетін халықаралық IOAI олимпиадасында отандық демеушілердің үлесі алғаш рет шетелдік компаниялардан асып түскен. Бұл туралы ҚР Спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Данабек Калиаждаров Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтып берді.

Фото: Спорттық бағдарламалау федерациясы

Бұрын мұндай шараларға Google, Meta сияқты тек технологиялық алпауыттар қолдау көрсетсе, қазір қаржылық сектор да таланттар үшін таласқа түскен.

Фото: Видеодан алынған кадр

— Алдыңғы жылы Қазақстанда бір ғана отандық компания, 6 шетелдік компания демеуші болған еді. Қазір керісінше отандық демеушілер басым. Бұл біз үшін нарығымыздың жетіліп, талантты жастарға сұраныстың көбеюін білдіреді, — деді федерация өкілі.

Сонымен қатар Данабек Калиаждаров олимпиаданың Астанаға ауысуы кездейсоқ емес екендігін атап өтті.

— Біріншіден, бұндай жарыстар жаһандық деңгейдегі интеграцияның құралы. Екіншіден, елімізде ЖИ жылы жариялануымен дөп түсіп отыр. Сондай-ақ суперкомпьютердің іске қосылуы және инфрақұрылымның дайындығы халықаралық қауымдастықтың сенімін нығайтты, — дейді ол.

Қазіргі уақытта ұлттық құраманы жасақтаудың шешуші кезеңі жүріп жатыр. 40 үздік оқушының ішінен 15-і іріктеліп алынған. Екі апталық қарқынды дайындықтан кейін тек 8 бала негізгі құрамға енеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін, Спорттық бағдарламалау федерациясының жетекшісі Бағдат Мусин Қазақстанда Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасын (IOAI) өткізу туралы келісімшартқа қол қойылғанын хабарлаған едік.