Жасыбайға келген туристер құрылыс алаңында демалуға мәжбүр

АСТАНА. KAZINFORM - Баянауылдағы ең танымал демалыс орындарының бірі - Жасыбай көлінің жағажайында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Туристер көл жағасында тынығудың орнына, құрылыс техникасы мен салынып жатқан нысандардың ортасында демалуға мәжбүр болып отыр.

Фото: Артём Викторов /Kazinform

Баянауыл ауданындағы туристік маусым ресми түрде 10 маусымда басталғанымен, өңірге демалушылар ол уақыттан әлдеқайда ерте келе бастайды. Әсіресе күн жылынған сәттен-ақ көл жағасына ағылатындардың қатары көбейеді.

Алайда биыл Жасыбай көліне келген туристер күтпеген жағдайға тап болды. Көл жағалауында мамыр айынан бері ауқымды абаттандыру және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның кесірінен жағажай аумағы әзірге демалыс орнынан гөрі құрылыс алаңына көбірек ұқсайды.

Фото: Артём Викторов /Kazinform

Демалушылардың айтуынша, олар жазғы демалысын алдын ала жоспарлап, жүздеген шақырым жол жүріп келген. Бірақ жағажайда арнайы техниканың жұмыс істеп жатқанын көрген.

– Күн ыстық болғандықтан арнайы демалуға келдік. Құрылыс жүріп жатқанын білмедік. Балаларды суда ғана емес, жағажайда жүріп - тұру кезінде де қадағалауға тура келеді. Әрине, кейін бәрі жақсы болады деп түсінеміз. Бірақ мұндай жұмыстарды туристік маусым басталғанға дейін аяқтауға болмас па еді? – дейді демалушылардың бірі Анатолий Лопатенко.

Фото: Артём Викторов /Kazinform

Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бастапқыда жағажайды жаңартуға арналған жоба құны 800-900 миллион теңге шамасында болған. Алайда мемлекеттік сараптама барысында түзетулер енгізіліп, туристер санының көптігіне байланысты қосымша инфрақұрылым қарастырылған. Соның нәтижесінде жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеге дейін артқан.
Басқарманың туризм бөлімі мамандары әзірге құрылыс жұмыстарының нақты қашан аяқталатынын айта алмайды. Олардың сөзінше, бұл жұмыс қарқынына және туристер легіне де байланысты.

Фото: Артём Викторов /Kazinform

Жоба толық аяқталғаннан кейін Жасыбай жағажайында футбол және волейбол алаңдары, балалар ойын аймағы, фудкорттар мен дәмханалар, киім ауыстыратын кабиналар, душ бөлмелері, құтқару бекеттері және шезлонгтар орнатылады.

Фото: Артём Викторов /Kazinform

Ал әзірге көл жағасында болашақ демалыс орынының сұлбасы ғана көрінеді. Сондықтан жазғы демалысын Жасыбайда өткізуді жоспарлаған туристер құрылыс жұмыстары толық аяқталғанша біраз қолайсыздыққа төзуге мәжбүр.

Айта кетсек, Баянауыл туристік компаниялардан түсетін салықтың елеулі бөлігін жоғалтып отырғаны туралы жазғанбыз.


                                                                                                                                                                                             Камила Тайтөлеу