Жаслан Мәдиев: барлық мемлекеттік орган QazTech платформасымен жұмыс істейді

АСТАНА.KAZINFORM — Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік органдар қызметін QazTech платформасына көшіру барысы жөнінде мәлімдеме жасады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов\Kazinform

Оның сөзінше, Үкімет қолданыстағы жүйелерді QazTech платформасына көшірудің екі жылдық жоспарын бекітті.

— Бұл ретте: жүйелердің қайталануы жойылады, ескірген жүйелерді пайдалану тоқтатылады. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланған. Оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Жоспардан тыс тағы 25 жүйе бойынша көшіру және әзірлену жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 10 ақпараттық жүйе платформада толыққанды жұмыс істеп тұр, яғни жұмыс жоспардан озық қарқынмен жүргізілуде. Бүгінде барлық мемлекеттік орган QazTech платформасымен жұмыс істейді, — деді Жаслан Мәдиев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы QazTech-тен тыс жаңа жүйелер құруға мораторий енгізу бойынша Жарлыққа қол қойды. Бұл талаптың сақталуы цифрландыруға арналған бюджеттік өтінімдерді сараптау кезінде тексеріледі.

Сонымен қатар, аталған платформа қазірдің өзінде тиімділігін дәлелдеп отыр.

— QazTech платформасына көшкеннен кейін цифрлық сервистер жұмысында іркілістер тіркелген жоқ. Бұған нақты мысал — жыл сайын халық үшін ашылатын бірінші сыныпқа қабылдау қызметі. Бұрынғы инфрақұрылым жүктемені көтере алмай, іске қосылған алғашқы күні-ақ істен шығатын. Мұндай жағдай төрт жыл қатарынан қоғамда теріс резонанс туғызды. Биыл Оқу-ағарту министрлігі және Қазақтелекоммен бірлесіп, қызмет QazTech платформасында қайта жинақталды. Екінші ай қатарынан бірде-бір ақаусыз жұмыс істеп тұр. 365 мыңнан астам өтінім сәтті өңделді, — деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін барлық ведомстволық жүйе QazTech бірыңғай платформасына көшірілетінін жазғанбыз.