Жасөспірімдердің 30 пайызы өмірлерінде бір рет болсын өз-өздеріне қол салуды ойлаған

АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - Жасөспірімдердің 30 пайызы өмірлерінде бір рет болсын өз-өздеріне қол салуды ойлаған.

Бұл туралы бүгін Астанада «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Астана қаласы Әкімшілік полиция басқармасының психолог-инспекторы, капитан Елнұр Қалиева мәлім етті.

«Сонымен қатар студенттердің 64 пайызға жуығы мамандықты әке-шешелерінің айтуымен таңдап, кейін олардың жартысы білім алған мамандықтар бойынша оқымайтын көрінеді. Алкогольдік ішімдіктерді татып көрген жастардың 45 пайызы өздері үшін арақ-шарап өмірдегі қиындықтарды ұмытуға және басына түскен істен демалудың бір әдісі болып табылатындығын айтқан. Ал жасөспірімдердің 70 пайызы ата-аналарынан аулақ көшіп кетуге армандайтын болып шыққан», - деді Е.Қалиева.

Мұндай мәлімет арнайы зерттеулер барысында анықталды. Мұнымен қоса, жасалған сауалнама негізінде, жасөспірімдердің 75 пайызы өздерінің ата-аналарынан ерте болған жыныстық қатынас туралы жасыратындығы, балалардың 80 пайызы алғашқы махаббат жайында сөз қозғамайтындығы, 60 пайызы жыныстық қатынас тақырыбында сөйлесуден жалтаруды құп көретіндігі анықталған.

Осы мақсатта бүгін басқарма психологтары елордадағы М.Тынышпаев атындағы Көлік және коммуникация академиясында бірінші курс студенттерімен кездесу өткізіп, ерте жыныстық қатынастан, арақ-шараптан және есірткіден бойларын аулақ ұстау жөнінде және оның зияны жайында лекция оқыды.

«Жасөспірімдік кезең 10-11 жасында басталып, 17 жасқа дейін жалғасады. Осы аралықта баланың тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп, оны ерекше мейірімге бөлеу қажет. Бұл кезеңде өз-өзіне қол жұмсау сынды аутоагрессивті көңіл күй пайда болуы ықтимал», - деп атап өтті ол.