Жасөспірімдер қылмысы 30 пайызға төмендеді

Фото: polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов мәлім етті.

Спикердің айтуынша, тұжырымдама балалардың құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы барлық шаралар мен бағдарламаларды біріктіреді. Сонымен қатар тәжірибелік профилактикалық іс-шаралар кешені жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, акциялар, тұрғылықты жері бойынша рейдтер, мектептердегі дәрістер, «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шаралары және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрбір мектепке полиция қызметкерлері бекітілген.

– Бұдан бөлек, құқықтық түсіндіру сабақтары ұйымдастырылып, «Ерлік сабағы» және жеке қауіпсіздік мәселелері бойынша дәрістер өткізіліп жүр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері жасөспірімдер қылмысы 30%-ға төмендеген, - деді ол. 

Сонымен қатар спикер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тек полиция шараларымен шектелмейтінін атап өтті.

– Құқық бұзушылықтардың негізгі себептері көбіне тиісті тәрбие мен бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты. Осы орайда ол мектеп директорлары мен педагогикалық ұжым өкілдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырып, көп мәселе ортақ қырағылық пен жауапкершілікке байланысты, - деді ол.

Айта кетейік, Атырауда қатарластарын балтамен қуалаған оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды