Жасөспірімдер Олимпиадасы: Қазақстанның екі боксшысы алтын үшін жұдырықтасады

АСТАНА. KAZINFORM — Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында бокстан финалдық жекпе-жектерге қатысатын спортшылар анықталды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Фото: ҰОК

Қазақстан құрамасының екі өкілі алтын медаль үшін шаршы алаңға шығады.

57 келіге дейінгі салмақта Ақнұр Тұрсынғали бразилиялық Сара Кампоспен кездеседі. Жартылай финалда қазақстандық боксшы Украина өкілі Евангелина Петрукті төрешілердің шешімімен (4:1) жеңді. Ал оның финалдағы қарсыласы венгриялық Жофия Ченге Киштен 5:0 есебімен басым түсті.

70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Бибарыс Әшірбай финалда Ұлыбритания боксшысы Майкл Моэнмен қолғап түйістіреді.

Бибарыс жартылай финалда мексикалық Хорхе Луис Ньеблас Гутьерресті 5:0 есебімен жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алды. Ал британдық боксшы дәл осындай есеппен БАӘ өкілі Мухаммед Моааздан басым түсті.

Қазақстандық қос боксшының финалдық жекпе-жегі бүгін, 12 қарашада өтеді. Екеуі де Астана уақытымен сағат 17:00-де басталатын күндізгі сессияда өнер көрсетеді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Марал Төлепберген жасөспірімдер Олимпиадасын қола медальмен аяқтады. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында өзбекстандық Сабрина Чакомановадан 0:5 есебімен жеңіліп қалды.

Осыдан бұрын боксшы Марал Төлепберген жасөспірімдер Олимпиадасында қола жүлдеге ие болғанын жаздық.