Жасөспірімдердің 10-12 пайызы бейтаныс адаммен кездесуге барған — зерттеу

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында ЛГБТ насихатына қатысты зерттеу мен сауалнама жүргізілді.

Оның нәтижесімен Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова бөлісті.

— Балалардың 4,2 пайызы ересектермен бір немесе екі рет сөйлескенін айтқан, яғни мүлде танымайтын адамдармен сөйлескен. Әрбір оныншы бала интернетте өзін және қатарластарын мазалайтын, алаңдататын нәрсе бар екенімен толық келіседі. Балалардың 11,1 пайызы фотосын немесе видеосын танымайтын адамға жіберген. Сонымен қатар балалардың төрттен бірі жағымсыз тәжірибесі туралы ешкімге айтпаған, — деді Насымжан Оспанова.

Комитет басшысының мәлімдеуінше, ер балалардың 12 пайызы, ал қыздардың 10 пайызы интернетте танысқан бейтаныс адаммен кездесуге барғанын мойындаған.

— Зерттеу нәтижесі балалардың айтарлықтай қауіп-қатерге ұшырау деңгейінде екенін көрсетіп отыр. Баланың толық қалыптасып үлгермеген әлсіз психикасы ақпараттық шабуылға төтеп бере алмайды, — дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада ЛГБТ насихаттың балалар мен жасөспірімдерге әсерін зерттеу нәтижесі талқыланды. Аталған шараға сарапшылар, ғалымдар, мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. 

Бұған дейін Қазақстанда ЛГБТ насихатқа қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынысы туралы жазған едік. 

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихаттың 73 пайызы әлеуметтік желіден тарап жатқанын айтып, дабыл қақты. 

Еске салайық, сауалнама нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 80 пайызы ЛГБТ насихатты заңмен шектеуді қолдайды