Жастар неге несиеден көз ашпай кетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Жастар бүгінде несиенің тұзағына түсіп, қарызға белшеден батып барады. Олар не себепті несиені үсті-үстіне рәсімдеп, осындай жағдайға жеткен? Жастарды бұл тордан қалай босатамыз? Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.
Несиені не үшін алады?
Аслан есімді Күршім ауданының тұрғыны қазір тұрақты жұмыс істеп, үйіліп қалған қарыздан там-тұмдап құтылып жүр. Ол бізге мұндай халге қалай жеткенін айтып берді.
— Университетті «экономист» мамандығы бойынша тәмамдадым. Бірақ мамандық бойынша жұмыс істегім келмеді. Себебі оқуға ата-анамның таңдауымен түскенмін. Басында қара жұмыста жүрдім. Құрылыста, күзетте жұмыс істеп, әке-шешем алып берген көлікпен таксиші болдым. Сол кезде бір танысым букмекерлік кеңседе бәс тігіп, жақсы ақша табуға болатынын айтып қалды. Өзімнің бала күннен футбол көретінім бар. Сөйтіп, футбол ойындарына ақша сала бастадым. Әуелде ұтып, қалтам біршама қалыңдап қалды. Бірақ сосын ұтылып, тапқанымның бәрінен айырылдым. Достарымнан қарыз, микрокредиттік ұйымдардан несие алып, ұтысқа тіге бердім. Құмартып кеткенім сонша ерік-жігерден айырылдым. Көлігімді сатып, үйде әбден қарабет болдым. Қазір қателігімді толықтай түсіндім. Енді ондайға жоламаспын! — дейді ол.
Аты жөнін атамауды сұраған Зайсан ауданының тұрғыны досының өз атына несиеге iPhone ұялы телефонын алып беруді өтінгенін жеткізді.
— Өзім колледж студенті болғандықтан табысым жоқ. Бұрыннан етене жақын араласып жүрген досымның өтінішіне жоқ деп айта алмадым. Ол болса ай сайын несиені кешіктірмей төлеп отыратынын айтып, ант-су ішті. Сенгенім сонша мысқалдай күмәнім болмады. Әуелі бірнеше ай төлеп те жүрді. Бірақ кейін несиенің айлық сомасын өзім жаба тұруымды сұрай бастады. Сосын мүлде төлемей қойды. Менде ақша қайдан болсын?! Басқалардан қарызға сұрадым. Ақыр аяғында жағдайды әке-шешеме айтуыма тура келді, — дейді студент.
Жастардың арасында «ақшаны күреп табамын» деп жеке кәсібін ашып жататындар аз емес.
Өкініштісі, олар қажетті білім алып, тәжірибе жинақтауға уақыт шығындағысы келмейді. Мақалдатып айтсақ, «көтере алмас шоқпарды белге байлайды».
— Елдің көбі фастфудқа үйір екендігін білгендіктен жеке кәсіп ашуға бел байладым. Ең бірінші, шығынды есептеп, банктен қажетті сомаға несие рәсімдедім. Өскеменнің орталық көшелерінің бірінен жерді жалға алып, дүңгіршек қойдым. Аспаз бен даяшыны жұмысқа алып, тамаққа тапсырыс бергендерге өз көлігіммен мекенжайларына жеткізіп жүрдім. Бірақ табыс мен ойлағандай болмады. Керісінше, қып-қызыл шығынға баттым. Ақыр аяғында кәсібім жабылып, несиені төлей алмай сергелдеңге түстім. Әйтеуір, банкроттық рәсімдеген соң жағдайым оңалып қалды, — дейді Мирас есімді өскемендік.
Қаржылай сауаттылар қарызға батпайды
Жастардың не үшін несие алатынын түсіндік. Енді не істемек керек?
Бұл сұрақты Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Ерболқызына қойып көрдік.
— Қазіргі қоғамдағы несиеге белшеден бату мәселесі өте өзекті және күрделі. Жастардың жаппай несиеге кіруінің бірнеше себебі бар. Соның бірі — қаржылай сауаттылықтың төмендігі. Жастар тұрмақ, ақыл-ойы толысқан ересек жандардың көбі қаржыны басқару, жеке бюджет құру, несиенің шарттарын түсіну бойынша білімге зәру. Жастардың тұрақты және жеткілікті табысының жоқтығы да оларды несие алуға итермелейді. Олар әсіресе, күнделікті қажеттіліктерді өтеу немесе өзі үшін маңызды деп тапқан затты сатып алу үшін несие рәсімдейді, — дейді ол.
Бақытжан Ерболқызының айтуынша, несиені оңай алу мүмкіндігі де жағдайды ушықтырып тұр.
— Банктер мен микроқаржылық ұйымдар несие алуды барынша жеңілдетіп жіберді. Тек жеке куәлікпен-ақ ақша алуға болады. Бұл адамдардың ұзақ мерзімді салдарын ойланбай, тез шешім қабылдауына әсер етеді. Әлеуметтік желілердегі замандастарының теріс әсерінен талай жас «несиесіз өмір сүре алмаймыз» деген ойға бой алдырады. Бұл оларды артық шығын жасауға және қарыздың шеңгеліне батуға мәжбүрлейді, — дейді Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі.
Өз сөзінде ол мәселені шешудің нақты жолдарын ұсынды.
— Ең әуелі қаржы сауатын арттыру керек. Халыққа, әсіресе жастарға қаржылай сауаттылықты үйрететін тренингтер, семинарлар ұйымдастыру қажет. Бюджетті қалай жоспарлау, табысты қалай көбейту және несиеге байлануға қатысты тәуекелдерді қалай азайту керектігін түсіндіру маңызды. Одан соң мемлекеттік бақылауды күшейткен жөн. Микроқаржылық ұйымдар мен банктердің шарттарын қатаң бақылауға алып, халықты жоғары пайыздық мөлшерлемеден қорғау керек. Сонымен қатар жұрттың табыс деңгейіне сәйкес несиелік лимит енгізу тиімді болар еді. Тағы бір қадам — несие алудың мәдениетін өзгерту. Несиені тек аса қажетті жағдайларда және нақты жоспармен алу керектігін түсіндіргеніміз абзал. Әлеуметтік желілер мен медиа арқылы «ақылды қаржылық шешімдер» идеясын насихаттау қажет. Қарызға әбден кірген адамдар үшін қайта қаржыландыру немесе уақытша жеңілдіктер қарастыратын мемлекеттік бағдарламаларды іске қосу керек. Ең бастысы, несиеге тәуелділік — тек экономикалық емес, психологиялық және әлеуметтік мәселе екендігін түсінетін кез жетті. Сондықтан бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін кешенді тәсілге көшейік, — дейді Бақытжан Ерболқызы.
Алаяқтардан абай болыңыз!
«Қарызсыз қоғам» жобасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша тәлімгері Ермек Жұмағұлов жастардың арасында алаяқтарға тап болып жататындардың көптігін тілге тиек етті.
— Тек қарттар емес, жастар да алаяқтардың торына түсіп жатады. WhatsApp-тағы күдікті сілтемелерге өтіп, түрлі айламен қоңырау шалған әккілерге телефонына келген СМС-кодты айта салады. Сөйтіп атына несие рәсімделіп, опық жейді. Десе де қазір халық алаяқтардың қаупін біршама түсініп қалды. Оған полиция, әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан жан-жақты түсіндіру жұмыстары әсер етті. Біздің жобаның да бір мақсаты сол. Семинарымызға қатысты жастардың бірі тіпті әкесін құтқарып қалды. Үйде отырғанында әкесіне қоңырау шалған біреулердің өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, код сұрап жатқанын естіген. Лезде араласып, әкесіне мән-жайды түсіндірді. Абырой болғанда, үлгеріп қалып, әкесін қомақты шығынға батырғызбады. Себебі біз семинарда алаяқтардың қалай әрекет ететінін бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, нақты мысалдармен келтіреміз, — дейді ол.
Ермек Жұмағұлов жастарды өздерін жан-жақты жетілдіруге, еш уақытта өз атына басқаға несие алып бермеуге шақырды.
Несиеден көз ашпай кеткен жастар қаржылай сауатын арттырып, әр қадамды жеті рет өлшеп, бір рет кесіп барып жасағаны абзал. Сонда ғана кредиттен құтылып, терең тыныстайды.
Ал ел болашағын ту еткен өскелең ұрпақ қарыздың шырмауынан шыға алмай қалса қоғамға, елге пайдасын тигізу тұрмақ, қара басының қамын күйттеуге дәрменсіз болмақ.
Еске салсақ, бұған дейін ауыл халқының неге жиі несие алатынын жазғанбыз.