Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жастардың ұсыныс айтып, пікір алмасуына мүмкіндік жасалды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өңірде 32 мың жас және жас отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл бағытта биыл 350 мың теңгесі бар жасқа 150 пәтер беру конкурсы басталды.
«Жастар жылы аясында Ақтөбе қаласында жалпы ауданы 58,6 мың шаршы метрді құрайтын 1 187 пәтерлі тұрғын үй және 26 мың шаршы метрді немесе 500-ден астам пәтерді құрайтын жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысы салынады. Биыл облыста 22 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 12 500 адам бос жұмыс орындарына тұрақты жұмысқа орналастырылады, 1 500 адам «Жасыл ел» жасақтарына жолданады. Бұл мақсатқа облыстық трансферттен 100 млн теңге бөлінді. Жалпы жастар арасында «Жасыл ел» жасақтарына сұраныс жоғары екендігін ескеріп, биыл жасақ санын 6 мыңға жеткізу қажет деп есепейміз. Қосымша 100 млн теңге қажет беріледі», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бизнес Бастау» жобасымен 610 адам оқуға жіберіледі. Барлығы 200 жас шағын несие алады. Жоспар бойынша 78 жасқа 252 500 теңге көлемінде грант беріледі.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы аясында 3 мыңға жуық жас кәсіби білім алады. Жастардың стартап жобаларына 40 млн теңге қаржы бөлініп, 8 мыңнан астам жас кәсіпкерлік саласындағы түрлі шаралармен қамтылады. 300-ден астам жас шағын несие, грант алады. Өткен жылы Дүниежүзілік даму банкі қолдауымен осал топтағы жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Zhas Project» жобасы жақсы нәтиже берді. Барлығы 165 жастың әлеуметтік жобасы қаржыландырылды. Әрқайсысы 1 миллион теңге жаратты. Өңірлік жоба банктер мен қорлардың қаржылай қолдауы арқылы жалғасын табады», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жастар жылы Ақтөбеде жұмыспен қамту, тәжірибе жинау әрі қарай жалғасады. Барлығы 200-ден астам жас дәрігер жұмыспен қамтылып, 1 мың жас дәрігер республиканың озық клиникаларында және 20 жас маман шетелдік клиникаларда өз кәсіби деңгейін көтереді.
«Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында колледждерде 8 мың маман дайындалады. Олар орман шаруашылығы, бау-бақша және ландшафттық құрылыс, Геодезия және картография, Аңшылықтану және аң өсірушілік, Бастауыш мектептегі шетел тілі пәнінің мұғалімі, Бастауыш мектептегі информатика мұғалімі, аударма ісі сияқты сұранысы жоғары мамандықты меңгереді. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері мен WorldSkills чемпионатының жеңімпаздарын халықаралық тағылымдамадан өтеді. Биылғы жылы облыс бойынша 23 ІТ, робототехника кластары ашылады», - деді өңір басшысы.