АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы мен «Шеврон» компаниясы «Мейкерспейс Кеңейеді!» бағдарламасын жалғастыру туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орналасқан Америкалық бұрышта өткен кездесуде айтылды.
Қазақстандағы АҚШ елшілігінің баспасөз хатшысы және ресми өкілі Грегори Портердің айтуынша, мейкерспейстер – жастардың технологияны тек теория жүзінде танып қоймай, оны өз қолымен жасап көруіне мүмкіндік беретін орта.
Мұнда олар жасанды интеллект, робототехника және бағдарламалау сияқты заманауи бағыттарды меңгереді.
- Қазақстан әсіресе технология саласында, қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта технология күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айнала түседі. Сондықтан жастардың осы бағыттарда білім алып, жаңа дағдыларды игеруі маңызды. Мұндай бағдарламалар Қазақстанның технологиялық әлеуетін арттыруға және экономикалық дамуына үлес қосады. Біз осы мақсатта бірлескен жұмысты жалғастыруға дайынбыз, – деді Грегори Портер.
Жоба 2020 жылы басталған. Содан бері Қазақстандағы Америкалық бұрыштар жанынан заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған арнайы зертханалар да ашылды. Бүгінде олар Астана, Алматы, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Павлодар және Петропавл қалаларында жұмыс істейді. Алты жылда жобаға 54 мыңнан астам адам қатысып, олар үшін 2 300-ге жуық шеберлік сабағы мен оқу курсы өткізілген.
Жастар тың жобаларын жүзеге асыратын алаң
Мейкерспейстерде мектеп оқушылары, студенттер мен жас мамандар өз идеяларын жүзеге асыра алады. Зертханаларда 3D-принтерлерден бастап, робот құрастыруға және түрлі техникалық жобалар жасауға қажетті құралдардың бәрі бар. Қатысушылар жеке жобаларымен жұмыс істеп қана қоймай, арнайы курстарға, шеберлік сабақтарына және танымдық кездесулерге де қатысады.
Мұндай мүмкіндікті пайдаланып жүрген жастардың бірі – Дана Илиясова. Ол Америкалық бұрыштағы Maker Space зертханасында волонтер болып жұмыс істейді. Аз уақыт ішінде бірнеше жобаға қатысып, өзі де бастама көтерген. Соның бірі – студенттерге арналған Arduino Club клубы. Мұнда жастар Arduino микроконтроллері арқылы түрлі құрылғылар мен техникалық жобалар жасауды үйренеді.
Сонымен қатар олар ауа райын бақылауға арналған Weather Station жобасын әзірлеген. Ал Space Camp аясында Mars Rover деп аталатын марсқа арналған зерттеу көлігінің үлгісін де құрастырған.
- Mars Rover жобасын жасау барысында студенттер моторлармен жұмыс істеп, түймелерді жалғауды, дәнекерлеу құралын дұрыс пайдалануды үйренді. Бұл жұмысқа әрқайсысы өз білімін жұмсап, ортақ нәтижеге қол жеткізді. Space Camp жасау екі-үш күнге созылды. Осы уақыт ішінде қатысушылар 3D-принтермен жұмыс істеп, электрондық сызбалар әзірледі. Механикалық инженерия бойынша алған білімдерін де тәжірибеде қолданды, – дейді Америкалық бұрыш және мейкеспейс бағдарламаның еріктісі Дана Илиясова.
Оның айтуынша, алдағы уақытта зертхана Recycling Electronics жобасын қолға алмақ. Бастама электрондық құрылғыларды тиімді пайдалануға бағытталған. Жұмыс істеп тұрған ескі техниканы қоқысқа тастамай, оны басқа мақсатқа жарату жолдарын үйретпек.
Робототехникадан ЖИ-ге дейін: білім алуға талпынған жастар көп
Мейкерспейстердің есігі технологияға қызығатын кез келген жасқа ашық. Америкалық бұрыш пен Maker Space бағдарламасының үйлестірушісі Ертай Рахимовтың айтуынша, 16 жасқа толған қатысушылар орталықтағы мүмкіндіктерді тегін пайдалана алады. Олар өз жобаларын жасап, курстарға қатыса алады. Сондай-ақ волонтер болып, жеке клубын немесе оқу курсын ашуға мүмкіндік бар.
- Бізге келген жастар 3D-принтерлерді, компьютерлерді және басқа да құрал-жабдықтарды пайдаланып, өз жобаларын жүзеге асыра алады. Бұдан бөлек, барлық іс-шарамызға тегін қатысуға болады. Ал волонтер болғысы келетіндерге де мүмкіндік бар. Олар орталықтың жұмысына көмектесіп қана қоймай, өздері қызығатын бағытта клуб немесе курс ашып, жүргізе алады. Белсенді қатысушыларға арнайы сертификат беріледі, – деді Ертай Рахимов.
Орталықтағы курстарға сұраныс жоғары. Ай сайын робототехника, зымыран құрастыру және басқа да техникалық бағыттар бойынша үш-төрт курс өтеді. Әрқайсысына 13-15 адам қабылданады. Алайда бір курстың өзіне 50-ге жуық өтінім түседі. Орын санынан үш есе көп жас білім алуға ниет білдіреді.
Жақын күндері мұнда жасанды интеллект көмегімен фильм түсіру курсы да басталады. Оған 15 қатысушы іріктеледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл курсты қоса алғанда, орталықтағы барлық сабақ пен іс-шара тегін өтеді.
Айта кетейік, жақыеда қазақстандық студенттер робототехникадағы үздік шешімі үшін жүлде алды.