«Бұл проблеманы егжей-тенжейлі зерделеу керек. Жастар арасында не себепті осындай қарым-қатынас қалыптасқан? Қазіргі кезде сарбаз тек бір жыл ғана қызметте болады. 12 айдан кейін үйіне оралады», - деді Р.Жақсылықов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап беріп.
Ол кеңестің кезеңде жастар екі-үш жыл әскерде болғанын да еске салды.
«Ал қазір мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер бір жыл қызметте болады. Бұл ретте 18-19 жастағы балалар арасында қандай әлімжеттік ахуал болуы мүмкін? Қатарластарымен келіспей қалуы ықтимал, өйткені әскерде тек ер адамдар», - деді ведомство басшысы.
Министр жастар арасындағы кикілжің көшеде де жиі кездесетінін айтты.
«Сондықтан жастардың тәрбиесіне мән беру керек. Бұл жастарды оқыту мен тәрбиелеу - біздің ортақ міндетіміз», - деді Руслан Жақсылықов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мерзімді әскери борышын өтеп жүргендер арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайларына қатысты пікір білдірді.
Жақында Маңғыстау облысында шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған болатын.
Айта кетейік, Президент армияда өлім-жітімнің жиілеуіне байланысты комиссия құруды тапсырды.