Бүгін Qazaq AI Research University университетінде Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған форум өтті. Іс-шара барысында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов «ҰБТ-ның жаңа форматы білім алушылардың білімін бағалаудың заманауи құралы ретінде» тақырыбында баяндама жасады.
Форумға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, жоғары оқу орындарының және ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Өз баяндамасында Нұрсейіт Байжанов ҰТО халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан Admission Insight Test (AIT) жобасы туралы баяндады. Жоба 2026 жылғы ақпанда басталып, 2030 жылға дейін жалғасады. Оның мақсаты — білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен заманауи әлемнің талаптарын ескере отырып, қабылдау емтихандарын өткізу және бағалау тәсілдерін жаңарту.
— Білім енді тапшы ресурс емес. Тапшы ресурсқа айналғаны — пайымдау қабілеті. Білімді қайта жаңғыртуды тексеретін емтихан бүгінде жасанды интеллект талапкерге қарағанда әлдеқайда жылдам орындайтын әрекетті бағалайды. Сондықтан қабылдау жүйесін реформалау — бүкіл білім беру жүйесін өзгертудің ең пәрменді тетіктерінің бірі. Қабылдау моделі өзгерген кезде онымен бірге бүкіл жүйе де өзгере бастайды, — деп атап өтті Нұрсейіт Байжанов.
Ұсынылып отырған AIT емтиханының құрылымы екі негізгі бөліктен тұрады:
1. Пәндік тестілер. 14 бейіндік пән бойынша өткізіледі. Тапсырмалар мемлекеттік стандартқа сәйкес жаңартылып, ақпаратты жай ғана есте сақтау мен қайталаудан гөрі оқу материалын терең түсінуге басымдық беріледі.
2. Дағдыларды бағалау тесті. Сыни ойлау, академиялық жазылым және зерттеу дағдылары, коммуникациялық қабілеттер, жасанды интеллектіні пайдалану сауаттылығы, сандық және цифрлық сауаттылық, сондай-ақ креативті және дизайндық ойлау дағдыларын бағалауға бағытталған бес модульді қамтиды. Соңғы модуль әзірлену үстінде.
ҰТО директоры пәндік білімнің маңызы бұрынғыдай жоғары екенін ерекше атап өтті. Дағдыларды бағалау бөлігі пәндік білімді алмастыруға емес, оны бағалауды толықтыруға бағытталған. Емтиханның ұсынылып отырған құрылымы білім беру саясаты мен зерттеу нәтижелеріне қарай нақтыланатын болады.
Баяндамада жаңа форматты әзірлеу үдерісінің ашықтығына да ерекше назар аударылды. 2026 жылғы сәуірде ҰТО мен ETS бірлесіп, шамамен 4 мың респонденттің қатысуымен зерттеу жүргізді. Сонымен қатар сегіз фокус-топ және Астана қаласында төрт тереңдетілген талқылау ұйымдастырылды. Жаңа қабылдау жүйесін әзірлеу барысында жоғары оқу орындарының, оқытушылардың және білім беру жүйесінің басқа да қатысушыларының пікірлері ескеріледі. Бұл әртүрлі көзқарастарды назарға ала отырып, қабылдау емтихандарын бағалаудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асырудың келесі кезеңі — AIT тестін пилоттық режимде өткізу, ол 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.
Осыған дейін Қазақстанда ҰБТ-ға дайындық курсының бағасы қанша екенін зерделеген едік.