Жауын-шашын, үсік: алдағы үш күнде ауа температурасы -2°C дейін төмендейді

АСТАНА.KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 25–27 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Синоптиктердің болжамынша, Татарстан елінің ауданының үстінде орналасқан циклон ойысы Қазақстан аумағы арқылы жылжып, тұрақсыз ауа райын қалыптастырады.

— Республиканың көптеген өңірлерінде найзағаймен жаңбыр жауады, солтүстікте — жаңбыр және қар аралас жауын-шашын күтіледі. Жекелеген аймақтарда бұршақ пен екпінді жел болуы мүмкін. Сондай-ақ республика бойынша түнгі және таңғы сағаттарда тұман болжанады, — делінген хабарламада.

26 сәуірде батыс және солтүстік-батыс өңірлерде, ал 27 сәуірде солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда түнгі уақытта ауа температурасы -2°C дейін төмендеп, үсік күтіледі.

Күндіз ауа температурасы төмендейді:

солтүстікте 10… 15°C дейін,
орталықта 10… 18°C дейін,
шығыста 7… 20°C дейін,
оңтүстікте 15… 25°C дейін.

Батыс өңірлерде температура біртіндеп 7… 15°C-тен 15… 20°C-қа дейін көтеріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Кентауда нөсер жауыннан кейін көшелер мен аулаларды су басқанын жаздық.