Жайық өзені бассейнінде су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізілді
АСТАНА.KAZINFORM - «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы Жайық өзені бассейнінде алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Облыстың бес ауданындағы 87 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің су қоймалары каскадында бос сыйымдылық қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта олардың толу деңгейі жобалық жалпы көлемнің 52%-ын құрайды. Сонымен қатар Шаған өзеніндегі су қоймасында да бос сыйымдылық бар. Нысан транзиттік режимде жұмыс істеп тұр.
Үлкен және Кіші Өзен өзендеріндегі су қоймаларында бос сыйымдылық жобалық көлемнің 43%-ын құрайды. Былтыр 2026 жылғы көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізу мақсатында «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы 20 гидротехникалық нысанды жөндеп, ұзындығы 163,7 шақырым болатын каналды механикалық тәсілмен тазартты. Биыл 21 нысанды жөндеу және ұзындығы 297 шақырым каналды тазарту жоспарланып отыр.
– Филиалға қарасты барлық нысан бойынша көктемгі кезеңге дайындық паспорттары әзірленді. Сонымен қатар былтыр төрт нысанға көпфакторлы тексерулер жүргізіліп, олардың қауіпсіздік декларациялары дайындалды. Автокөлік және арнайы техника паркі жаңартылды. Сондай-ақ Ресей Федерациясындағы әріптестерімізбен, оның ішінде Орынбор және Саратов облыстары мен Башқұртстан Республикасының су шаруашылығы қызметтерімен тұрақты байланыс орнатылған, – деді «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының міндетін атқарушы Рауан Хусаинов.
Еске сала кетейік, Атырау облысы Құрманғазы ауданының аумағынан өтіп жатқан Қиғаш өзенінің арналарын тереңдету жұмысы жүріп жатыр. Өйткені, тасқын қаупі бар. Бұл туралы аудан әкімі Абат Жанғалиев айтты.
Батыс Қазақстан облысында «Су тасқыны – 2026» айлығы жарияланып, кең ауқымды шаралар, акциялар ұйымдастырылды.