Жайық өзенінде мұз қатып, Атыраудағы су сору қондырғылары тоқтап қалды
Атырауда ауа температурасы күрт төмендеді. Күннің салқындауынан Жайық өзенінде мұз қатып, су соратын стансалардың жұмысы тоқтап қалды, деп хабарлайды Kazinform.
Атырау қаласының тұрғындары кешеден бері бері су қысымының төмендеп, кейін тоқтап қалғанын жазып жатыр. Тұрғындар бұл туралы әлеуметтік желі мен WhatsApp мессенджерінде таратты.
Осыған байланысты «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның баспасөз қызметі түсінік берді.
«Атырау қаласы мен оның маңындағы ауылдардың тұрғындарына Жайық өзенінде мұз қатқанын хабарлаймыз. Табиғаттағы бұл құбылыстың салдарынан өзеннен су соратын қондырғылардың жұмысы тоқтап қалды. Қазір «Атырау облысы Су Арнасы» КМК қызметкерлері қаладағы су тарту қондырғыларын іске қосу үшін барлық қажетті іс-шараны атқаруды қолға алды. Су сору стансаларындағы қондырғылар мұздан тазартылған соң су штаттық режимде беріле бастайды» деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау маңындағы бірнеше елді мекен тұрғындары сусыз отырғанын жазған болатынбыз.