Жайық өзенінде су деңгейі Индер ауданында да 8 метрден асты

Фото: Фото: Су ресурстары министрлігі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысындағы Индер ауданында да Жайық өзенінің деңгейі 8 метрден асып кетті.

Атырау облыстық жедел штабтың мәліметінше, бүгін, 3 мамырда кешкі сағат 20:00–де Жайық өзеніндегі су деңгейі тағы да көтерілді. 

«Бүгін кешкі сағат 20:00–де Индер ауданының орталығы — Индербор кентінің тұсында Жайық өзенінің деңгейі 8 метр 8 сантиметрге жетті. Таңертеңгі сағат 08:00–ден бері су деңгейі +20 сантиметрге ұлғайды. Бұл ауданда қауіпті деңгей — 8 метр 45 сантиметр», -деп хабарлады облыстық жедел штабтан. 

Ал, Махамбет ауданында өзен арнасының суы сағат 20:00–де 8 метр 20 сантиметрді көрсетіп тұр.

Таңертеңнен бері су деңгейіне +8 сантиметр қосылған.

Батыр атындағы ауданда 8 метр 50 сантиметр қауіпті шек саналып отыр. 

Қазір қауіпті деңгейге дейін 30 сантиметр қалып тұр. 

Мұнайлы өңір орталығы — Атырау қаласында Жайықтың суы +5 сантиметрге көбейіп, сағат 20:00–де 4 метр 76 сантиметрді құрады.

Шаһар аумағындағы қауіпті шек 5 метр 50 сантиметр деңгейінде белгіленген. 

Еске сала кетелік, бүгін Индер ауданында Жайық бір тәулікте 38 сантиметрге көтерілгенін жазған едік.

Кейін Атыраудағы Махамбет ауданының жедел штабы күшейтілген жұмыс режиміне көшті.