Жайық пен Балқаштың экожүйесі «Цифрлық егіз» технологиясы арқылы бақылануы мүмкін

Фото: Су ресурстары және иррригация министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкіметке Жайық пен Балқаштың экожүйесін «Цифрлық егіз» технологиясы арқылы бақылауды ұсынды.

— Салада цифрландыру деңгейі де өте төмен. Мәселен, су жүйелерінің 90%-ы онлайн мониторингтен тыс. Нақты уақытта басқару құралдары жоқ. Сондықтан жедел деректерге негізделген шешім қабылдау мүмкін емес. Бұл — жаңа Су кодексінде көрсетілген бірыңғай деректер платформасын құру міндетіне қайшы, — дейді депутат.

Ол аталған проблеманы Қытайдың тәжірибесімен шешуге болатынын айтады.

— Қытай су бассейндеріне «Цифрлық егіз» (Digital Twin) технологиясын кеңінен енгізіп жатыр. Осындай технологиялар бүгінде Янцзы, Хуанхэ, Лицзян сияқты ірі өзендер үшін міндетті ұлттық стандартқа айналды. Бұл жай ғана 3D-көрініс емес. Бұл — өзен, көлдердің «тірі» цифрлық моделі. Ол нақты уақыт режимінде: спутник пен дрондардан, су үстіндегі және су астындағы автономды кемелерден, су сапасы датчиктерінен, экологиялық ДНҚ талдауынан, климаттық және гидрологиялық модельдерден деректер алып, өзен экожүйесінің толық жағдайын көрсетеді, — деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат Үкіметке «Ұлттық су экожүйелерінің цифрлық орталығын» және экологиялық ДНҚ (eDNA) зертханасын құрып, биоалуантүрлілік мониторингін жаңғыртуды ұсынып отыр.

— Пилоттық жоба ретінде еліміздің екі ірі су бассейніне, мысалы Жайық–Каспий, Балқаш-Алакөл бассейндеріне арналған «Цифрлық егіз» платформасын жасақтау. Болашақта мұндай технологияны барлық су бассейндеріне енгізу. Бұл жобаларды тәжірибесі мол шетелдік компаниялармен және халықаралық су саласының институттарымен бірлесіп жасақтау ұсынылады, — деді Еділ Жаңбыршин.

Еске салсақ, Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің атауы Балқаш болатынын жазған едік.