ОРАЛ. KAZINFORM – Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылы тұсында бір тәулікте 32 сантиметрге көтерілді.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 30 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша Тайпақ гидробекетінде су деңгейі 665 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.
Жайық өзенінің суы Январцев ауылы мен Орал қаласы тұсында бір тәулікте 10 сантиметрге төмендеді. Январцевте 834 (қауіпті шегі – 1 250 см), облыс орталығында 828 (850 см) сантиметрді көрсетті. Сондай-ақ Көшім ауылында су деңгейі қауіпті шектен 10 сантиметрге төмен (840 см).
Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалиннің айтуынша, Жайық өзенінің суы сай-салаларды толтырып, төмен қарай ағып жатыр. Өзен бойындағы елді мекендер бақылауда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-дағы эвакуациялық пункттерде 2400-ден астам адам қалып отырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).