БҚО: эвакуациялық пункттерде 2400-ден астам адам қалып отыр

балалар
Фото: Орал әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында 12 эвакуациялық пунктте 2 428 адам қалса, соның 1 038-і – балалар.

БҚО ТЖ департаментінің жедел штабынан мәлім еткеніндей, облыс бойынша осы кезге дейін барлығы 1 311 тұрғын үй, 15 166 саяжай учаскесі суға кетті.

Өңірде 8 автожолда су өткен 15 учаске бақылауда тұр. Сонымен қатар Теректі ауданында Ақсоғым ауылы, Ақжайықта Тасоба елді мекені көлік қатынасынсыз қалып отыр.

Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 14 019 адам көшірілсе, соның 5 793-і – балалар. Қауіпсіз жерлерге 5 078 мал айдалды. Ал 2 421 бас мал шығынға ұшырады.

Жедел штабтың мәліметіне қарағанда, 5 сәуірден бері гуманитарлық көмек қабылдау жөніндегі облыстық штабқа 1 240,4 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді.

Апаттық-құтқару жұмыстарына қазіргі кезде 2 626 адам, 946 техника, 63 су сору құралы, 151 қайық, 1 тікұшақ жұмылдырылған.

Орал қаласындағы Шаған су қоймасының жобалық көлемі 19,10 млн текше метр болса, онда қазір 32,14 млн текше метр су бар немесе 169,11 пайызға толтырылды.

Иреклі су қоймасынан 28 сәуірдегі мәлімет бойынша Жайық өзеніне секундына 141 текше метр су жіберіліп жатыр. Жайықтың Орынбор тұсындағы су деңгейі – 832 сантиметр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзенінің деңгейі Тайпақ ауылындағы гидробекетте 630 сантиметрден асқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар