Жыл мезгілі бойынша әлі суға шомылу маусымы басталған жоқ. Соған қарамастан Атырауда жасөспірімдер Жайық өзеніне суға түскен.
«Полиция қызметкерлері түс кезінде Атырау қаласындағы Каспий ықшамауданы мен Тұрғындар қалашығы-Авангард шағынаудандары арасында салынған жаяу көпірдің тұсында, Жайық өзеніне суға шомылып жүрген онға жуық жасөспірімді көрген. Балаларының өзен жағалап, қауіпті жайтты ескерместен, суға түсіп жүргенінен бейхабар ата-аналар қалалық полиция басқармасына шақыртылды.
Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364-бабымен (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) хаттамалар толтырылды», деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.