«Өрт қаупi жоғары кезеңде жеке тұлғалардың орманда болуына және оған көлiк құралдарымен кіруіне, сондай-ақ Қостанай облысының мемлекеттiк орман қоры аумағында құрылыс жұмыстары, пайдалы қазбалар өндiру, коммуникациялар тарту және барлық орман дақылдары жұмыстары мен орман шаруашылығын жүргiзу шектелсін», - делінген әкім қаулысында.
Құжат 12 маусымнан бастап күшіне енеді.
Еске сала кетейік, былтыр қыркүйекте Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы орман алқабында алапат өрт болды. Бірнеше күнге жалғасқан тілсіз жау салдарынан 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алды, 1 адам қаза тапты.
Сонымен қатар, Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті.