Жаз мезгілі Құрылтай сайлауындағы дауыс беру белсенділігіне оң әсер етті – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай сайлауының жаз мезгілінде өтуі қазақстандықтардың дауыс беру белсенділігін төмендеткен жоқ. Бұл туралы Jastar X диалог алаңында Қазақстандық қоғамдық даму институтының Институционалдық талдау және реформалар орталығының сарапшы-консультанты Камила Амуртаева айтты.

Фото: Жеке мұрағатынан

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда парламент сайлауы алғаш рет жаз мезгілінде өткендіктен, науқан басталғанға дейін сайлаушылардың дауыс беру белсенділігіне қатысты алаңдаушылық болған.

– «Сайлау учаскелерінде тиісті деңгейде дауыс беру белсенділігін қамтамасыз ету мүмкін бола ма?» деген сұрақтар пен алаңдаушылықтар көп болды. Алайда жаз мезгілі мен демалыс, керісінше, оң әсер етті. Дауыс беру белсенділігі де жақсы болды, пікірлер де оң. Жалпы, жаз мезгілі сайлауға қолайлы болды, – деді Камила Амуртаева.

Ол Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген сауалнама нәтижелеріне де тоқталды. Зерттеу әртүрлі жастағы азаматтардың сайлауға қатысуға дайындығында айтарлықтай айырмашылық болмағанын көрсетті.

Телефон сауалнамасы 21 шілде мен 4 тамыз аралығында Қазақстанның 17 облысы мен үш қаласында жүргізілді. Оған 1 200 респондент қатысты.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, 46–60 жастағы және 61 жастан асқан азаматтардың сайлауға қатысуға дайындығы 18–28 жас аралығындағы жастардың көрсеткішімен шамалас болған.

– Бұл да жастардың елімізде болып жатқан үдерістерге белсенді араласып жүргенін көрсетеді, – деді сарапшы.

Камила Амуртаева биылғы сайлау науқанының цифрлық сипатына да назар аударды. Оның айтуынша, сайлаушылармен байланыс бірнеше арна арқылы жүргізілді.

Партиялар мен кандидаттар әлеуметтік желілерді, телевизияны, QR-кодтар қолданылған теледебаттарды, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі тәуелсіз аккаунттарды пайдаланды.

Еске салайық, Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтті.

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, дауыс беруге 9 351 539 адам қатысты. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 74,08%-ы.

Сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайға бес саяси партия өтті.