Жазда жұмыс істегісі келетін мектеп оқушылары нені білуі керек – сарапшылар кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM – Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы 14-18 жас аралығындағы 5 300 бала жұмыспен қамтылған. Олар негізінен қызмет көрсету, сауда, көгалдандыру және цифрлық салаларда еңбек етеді.

Фото: видеодан алынған скрин

Жас буынның заңды құқықтарын қорғай отырып, қауіпсіз жұмыс тауып беру мен болашақ кәсібін анықтауға көмектесу мақсатында сала мамандары маңызды кеңесімен бөлісті.

Жазғы еңбек – кәсіби дағдының қалыптасуы

Жазғы демалыс басталғанда елімізде балалардың қауіпсіздігі мен олардың уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасөспірімдердің жұмысқа орналасуын жай ғана табыс көзі емес, еңбек нарығына жасалған алғашқы кәсіби қадам деп есептейді.

Фото: видеодан алынған скрин

ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Мұхтар Төлеу бұл бағытта арнайы цифрлық мүмкіндіктердің іске қосылғанын айтады.

– Enbek.kz электрондық еңбек биржасында былтырдан бастап «Менің жазғы демалысым» атты арнайы бөлім ашылды. Мұндағы негізгі мақсат — жасөспірімдердің ата-анасымен бірге тіркеліп, түйіндеме дайындауы және қауіпсіз, ресми шарт жасалатын жұмыс орындарын таңдауы. Бұдан бөлек, жастарды қоғамдық жұмыстарға да жібереміз. Оқушылар Мансап орталықтарына немесе Skills Enbek платформасына жүгіне алады. Сондай-ақ платформада «Мансап компасы» жүйесі бар. Ондағы профориентациялық тест арқылы болашақ мамандықты анықтауға болады. Былтырдан бері бұл тестіден 136 мың жасөспірім өткен. Ал жазғы жұмысқа орналасқан балалар 24 АЕК (103 мың теңге) көлемінде айлық алады. Бастапқы тәжірибе үшін өте жақсы сома деп ойлаймын, – деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Еңбек кодексі: Жасөспірімдердің құқығы мен қауіпсіздігі

Бала еңбекке араласқан кезде оның құқықтық қорғалуы мен заң талаптарының сақталуы өте маңызды. Оқушылар мен ата-аналар жұмыс берушінің қандай талаптарды орындауға міндетті екенін білуі тиіс. Заңгер Әлима Әлімжанқызы жас ерекшеліктеріне байланысты еңбек кодексіндегі шектеулерді түсіндірді.

Фото: Kвидеодан алынған скрин

– Еңбек кодексіне сәйкес, 16 жастан бастап бала еңбек шартын өз бетінше жасай алады. 15 жаста ата-анасының рұқсатымен, ал 14 жаста тек оқудан тыс уақыттағы жеңіл жұмыстарға рұқсат беріледі. 14 жасқа дейінгі балалар театр, кино, концерт сияқты тек шығармашылық салаларда қызмет ете алады. Жұмыс уақыты да қатаң шектелген. 14-16 жастағылар үшін аптасына 24 сағаттан, 16-18 жастағылар үшін 36 сағаттан аспауы керек. Шамамен күніне 4-5 сағат. Сонымен қатар 18 жасқа толмаған балаларды түнгі уақытта (22:00-ден 06:00-ге дейін), вахталық әдіспен және ауыр, химиялық зиянды жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынған, тек шығармашылық салаларда жұмыс істей алады, – деп ескертті заңгер.

Заңгердің айтуынша, жұмыс беруші мен жұмыскер арасында міндетті түрде жалақысы мен жұмыс уақыты нақты көрсетілген еңбек шарты жасалуы керек. Оның дұрыстығын Еңбек инспекциясы тексереді. Егер еңбек шарты бұзылса немесе артық сағат жұмыс істетсе, жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал заңсыз еңбекке жол бергені үшін жұмыс берушіге 10 АЕК, ата-анасына 3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Айта кетейік, мамандар ата-аналарға баланың жазғы еңбегін заңдастыруды және Enbek.kz платформасы арқылы тек тексерілген, қауіпсіз бос жұмыс орындарын қарастыруды ұсынады.

Елден шықпай шетелдік білім алу жолы қандай?

Болашақ мамандықты анықтап, алғашқы тәжірибе жинаған соң, кәсіби білім алу кезеңі басталады. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан Орталық Азиядағы ірі білім хабына айналуды көздейді. Бұл ретте елден шықпай-ақ әлемдік деңгейдегі білімді алуға жағдай жасалған. Қазір елімізде Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Германия және өзге де елдердің жетекші университеттері жұмыс істеп жатыр.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан шетелдік университеттердің филиалдарына қалай түсуге болатынын айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

– Бүгінде елімізде шетелдік 33 ЖОО-ның өкілдігі жұмыс істейді. Олардың қатарында Ұлыбританияның Кардифф және Ковентри университеттері, Кореяның Усонг университеті, сондай-ақ Де Монтфорт, Хериот-Уотт оқу орындарын атап өтуге болады. Осы филиалдарға мемлекет тарапынан 2 000-ға жуық грант бөлініп отыр. Жалпы мемлекеттік гранттар саны – 89 мың. Оқу орындары өздерінің ішкі заңдарына сай оқу ақысын өздері анықтайды, алайда шетел азаматтарына қарағанда Қазақстан азаматтарына айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған, – деді Ақерке Абылайхан.

Фото: видеодан алынған скрин

 

Сондай-ақ министрлік өкілі бұл оқу орындарына түсуді жоспарлаған талапкерлерге ертерек қамдануды ескертті.

– Әрбір университеттің ресми сайтында өздерінің жеке талаптары жазылған. Онда ағылшын тілін білу деңгейіне, оқу үлгеріміне (GPA) және ҰБТ баллына қарай қарауы мүмкін. Сондықтан оқуға түскісі келетін жастар ертерек ізденіп, қамданғаны абзал. Ең бастысы – Қазақстандағы осы өкілдіктерден алған диплом халықаралық деңгейде, шетелде толық танылады, – деп түйіндеді маман.

Еске сала кетейік, бұған дейін, Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдарына жаңа талап қойылатынын жазған едік.