Алдыңғы аптада армениялық Алина Чараевамен бірге Яссы (Румыния) WTA 250 жарысының финалына дейін жеткен Жібек Құламбаева бүгін жаңартылған әлемдік рейтингіде жұптық сында 174-тен бірден 136-орынға көтерілді.
Жібек Гамбургте латвиялық Дарья Семенистаямен бірге өнер көрсетеді. Қазақстандық-латвиялық жұп алғашқы айналымда германиялықтар Тамара Корпач — Нома Ноа-Акугуэмен шеберлік байқасады.
Жібек Құламбаеваға сәттілік серік болса, мұнда да рейтингілік ұпай қорын толықтыра алады. Қазірдің өзінде ол жұптық сында WTA Live рейтингісінде 132-сатыға шығып тұр.
Юлия Путинцева жекелей сында Гамбургте іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі. Былтыр бұл додаға қатыспағандықтан, Юлияның да ұпай қорын толықтыратындай мүмкіндігі мол. Ол бүгін WTA рейтингісінде 82-ден 79-орынға ауысты.
Юлия Путинцева Яссы жарысында жекелей сында ширек финалға дейін жетіп, онда мысырлық Маяр Шерифке жол берген еді. Сол Маяр Шериф бүгін финалда испаниялық Паула Бадосаны қапы қалдырып, чемпион атанды.
Еске салайық, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Румыниядағы турнирде титулға бір қадам жетпей тоқтағанын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Шевченко әлемдік рейтингіде жоғары көтерілді.