АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Бари (Италия) челленджер жарысының жартылай финалына өтті.
Қазақстандық теннисші португалиялық Франчиска Хорхемен бірге ширек финалда аргентиналық Надя Подороска – румыниялық Ирина Барэнің меселін қайырды.
Қазақстандық-португалиялық жұп 7:5, 6:3 есебімен басым түсті. Олар сағат жарымға созылған ойын барысында 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Аргентиналық-румыниялық дуэт 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Ж.Құламбаева – Ф.Хорхе финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, қазақстандық Анна Данилина – ресейлік Ирина Хромачёва немесе франциялық Эстелль Кашино – грузиялық Натела Дзаламидзе жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Жібек Құламбаева жекелей сында осы доданың алғашқы айналымында әлемнің 102-ракеткасы, мексикалық Рената Сарасуадан өте алмады – 3:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Ұлыбританиядағы доданы жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).