АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 422-ракеткасы Жібек Құламбаева жұптық сында Аурангабад (Үндістан) ITF W15 турнирінің соңғы бәсекесіне өтті. Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Ж.Құламбаева мен ресейлік Екатерина Яшина фаворит екендіктерін тағы бір дәлелдеді.
Қазақстандық-ресейлік жұп жартылай финалда үндістандықтар Саумия Ронде — Чевика Редди Самамен бетпе-бет келді. Құламбаева — Яшина бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған матчта бес брейк жасап, айқын басымдылық танытты — 6:3, 6:3.
Жібек Құламбаева — Екатерина Яшина финалда германиялық Анастасия Купарев — өзбекстандық Севиль Юлдашевамен чемпиондық атақ үшін таласады. Осылайша, Ж.Құламбаева мен Е.Яшина екінші рет қатарынан Үндістандағы жарыстың финалына шықты.
Бұдан бұрын Жібек пен Екатерина Нагпурда дәл осындай додада үздік шыққан еді. Оған қоса қазақстандық теннисші жекелей сында да жеңімпаз атанған болатын. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның жұптық сында Чарльстон турнирінің финалына шығу үшін таласатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Үндістандағы жарыста кезекті қарсыласын ойсырата ұтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).