Жібек Құламбаева Испанияның Севилья қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде Словениямен матчта құрама сапындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Жібек Құламбаева командалық әлем чемпионатына күні бұрын әзірленгенін айтты.
«Мұндай мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Біріншіден, елімнің намысын қорғадым. Екіншіден, шешуші, жұптық бәсекеде Анна Данилинамен бірге жеңіске жеттік. Мен өз ойыныма ризамын. Ұлттық құрама сапында өнер көрсетуді көптен армандадым. Бұл мен үшін өте маңызды», - деді Жібек Құламбаева.
Team Kazakhstan академиясының түлегі Ж.Құламбаева 7 жасынан бері тенниспен айналысып келеді. Қазіргі кезде жұптық сында әлемдік рейтингіде 151-орында тұр. Жуырда Жібек жұптық сында ITF турнирлерінде биылғы жетінші титулына қол жеткізді. Спорттық жолында оның осындай 26 жеңісі бар.
Ұлттық құрама сапында 2022 жылы Астанада Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңінде Германиямен матчта алғаш рет кортқа шықты. Онда Анна Данилинамен бірге қарсыластарына жол берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан Словенияны жеңгенімен, келесі кезеңге өте алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).