АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 395-ракеткасы Жібек Құламбаева Хучжоу (Қытай) челленджер турнирінің іріктеу сайысының финалына шықты.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының жартылай финалында рейтингіде 863-орындағы қытайлық Ши Юмен кездесті. Екі сет те 6:2 есебімен Жібектің пайдасына шешілді.
Бір сағат 18 минутқа созылған бәсекеде Құламбаева 3 эйске қоса 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қытайлық теннисші 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Жібек Құламбаева іріктеу сайысының финалында әлемнің 484-ракеткасы, тағы бір қытайлық Мэйки Гомен шеберлік таластырады. Оны жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 15 жастағы Аңсар Ниетқалиевтің Қытайдағы турнирдің финалына дейін жеткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Қытайдағы жарыстың жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).