АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Хучжоу (Қытай) челленджер турнирінің финалына өтті.
Жарыстың 2-ракеткалары Ж.Құламбаева мен словениялық Вероника Эрьявец жартылай финалда франциялық Эстелль Кашино — қытайлық Шо Фэнмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда тай-брейкте Жібек пен Вероника табандылық танытты — 7:6 (7:3).
Екінші сетте қазақстандық-словениялық жұп айқын басымдылық көрсетті — 6:1.
Бір сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Құламбаева — Эрьявец 2 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Кашино — Фэн 2 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады.
Жібек Құламбаева — Вероника Эрьявец финалда турнирдің 4-ракеткалары, жапониялықтар Момоко Кобори — Аяно Шимицумен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Қытайдағы турнирдің жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).