АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 318-ракеткасы Жібек Құламбаева Хучжоу (Қытай) челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші жергілікті спортшы Гую Сюйге бірде-бір гейм бермей, 6:0, 6:0 есебімен ойсырата жеңді.
Матч 54 минутта аяқталды.
Жібек Құламбаева іріктеу сайысының финалында әлемдік рейтингіде 476-орында тұрған оңтүстіккореялық Джон Чанмен кездеседі. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 242-ракеткасы Зарина Дияс негізгі турнирде алғашқы айналымда рейтингіде 216-сатыдағы франциялық Кароль Моннемен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аружан Сағындықованың Қытайдағы турнирде жеңіс тұғырына көтерілгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).