АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Хучжоу (Қытай) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Құламбаева словениялық Вероника Эрьявецпен бірге бастапқы кездесуін Гонконг өкілі Юдис Чонг - тайбэйлік Ен-Шуо Лянмен өткізді.
Тартысты өрбіген бірінші партияда қазақстандық-словениялық жұп табандылық танытты - 7:6 (7:4). Екінші сет 6:4 есебімен аяқталды.
Бір сағат 38 минутқа созылған бәсекеде Құламбаева - Эрьявец 2 эйспен қоса 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Жібек Құламбаева - Вероника Эрьявец жартылай финалға шығу үшін үндістандық Рия Бхатия - франциялық Кароль Моннемен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланқызының жасөспірімдер арасында әлемдегі үздік 25 теннисшінің қатарына кіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).