АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 322-ракеткасы Жібек Құламбаева Секешфехервар (Мажарстан) ITF W75 турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 143-інші, осы жарыстың 4-ракеткасы, корт иесі Панна Удвардидың мысын басты.
Бірінші партия Жібектің айқын басымдылығымен аяқталды – 6:1. Ол екінші сетте де мүмкіндігін жіберген жоқ – 7:5.
Тартысты өткен матч бір сағат 45 минутқа созылды.
Жібек Құламбаева ширек финалға шығу үшін рейтингіде 335-сатыдағы түркиялық Чала Бюйюкакчаймен таласады.
Ж.Құламбаева қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 318-орынға көтеріліп тұр.
Қазақстандық спортшы хорватиялық Тара Вюртпен бірге жұптық сында да өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Индиан-Уэллс турнирінде 17 жастағы теннисшінің екінші рет Рыбакинаның жолын кескенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).