АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева жұптық сында Гданьск (Польша) ITF W50 турнирінің финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші мажарстандық Амарисса Тотпен бірге жартылай финалда жарыстың 1-ракеткалары, эстониялық Елена Малыгина — чехиялық Ивана Себестоваға қарсы келді.
Қазақстандық-мажарстандық жұп 6:4, 6:3 есебімен екі сетте жеңіске жетті.
Бәсеке сағат жарымға жуық уақытқа созылды.
Өткен аптада Жібек Құламбаева украиналық Валерия Страховамен бірге Болгариядағы осындай додада топ жарған еді. Енді тағы бір жарыстың финалына шығып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Польшадағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).