АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева Гданьск (Польша) ITF W50 турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші бұл жолы мажарстандық Амарисса Тотпен жұп құрды.
Қазақстандық-мажарстандық дуэт алғашқы айналымда Беларусь өкілі Александра Скопец – поляк Ганна Янковскаядан айласын асырды.
Небәрі 45 минутқа созылған бәсекеде Құламбаева – Тот қарсыластарын бет қаратпай ұтты – 6:1, 6:0.
Жібек Құламбаева – Амарисса Тот жартылай финалға шығу үшін поляк Доминика Фейстель – мексикалық Мария Кано немесе жергілікті теннисшілер Оливия Гниевковская – София Гусар жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Өткен аптада Ж.Құламбаева украиналық Валерия Страховамен бірге Болгариядағы осындай жарыста топ жарған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Болгариядағы жарыста үздік шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).