АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Бытом (Польша) ITF W50 турнирінің жеңімпазы атанды.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық теннисші италиялық Николь Фосса Уергамен бірге барлығы төрт кездесуді сәтті аяқтады. Қазақстандық-италиялық дуэт финалда доданың 2-ракеткалары, украиналықтар Марина Колб – Надя Колбпен бас жүлдені сарапқа салды.
Жібек Құламбаева – Николь Фосса Уерга 7:6 (8:6), 6:2 есебімен жеңіске жетті. Финалдық бәсеке сағат жарымнан артық уақытқа созылды. Қазақстандық теннисші жұптық сында WTA рейтингісінде 138-орында тұр.
Тағы бір қазақстандық Соня Жиенбаева жекелей сында Өскеменде өтіп жатқан ITF W15 турнирінің финалына шықты. Ол жартылай финалда ресейлік Варвара Паньшинаның мысын басты – 7:5, 6:2.
С.Жиенбаева соңғы матчта ресейлік Алиса Кюммельмен чемпиондық атақ үшін таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын София Исакованың Ролан Гарросқа Алматыда өткен іріктеу турнирінде топ жарғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).